Хабар телеарнасы

Павлодарда мектеп карантинге жабылды

Осыған орай санитарлық дәрігерлер білім ордасына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді.

Кезекші сыныпқа баратын барлық оқушылар қашықтан оқу үрдісіне көшкен. Олардың бәрінен COVID-19 сынамасы алынды. Әзірге нәтижесі белгісіз. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың жағдайы жақсы, амбулаториялық жағдайда емделіп жатыр. Жалпы оқу жылы басталған қыркүйек айынан бері коронавирус өңірдегі төрт балабақша және екі мектепте тіркелген. Жеті оқушы мен бір мұғалімнің ауруға шалдыққаны да белгілі болды.

Әсия Жүкібаева, Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі кезде тек бір ғана білім ошағы, яғни №34 мектеп жабылды. Қаулыға сәйкес, үштен көп оқиға тіркелген жағдайда коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату үшін аумақтық ұйым шешім қабылдайды. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оқу үрдісі қыркүйектің 19-нан қарашаның 1-не дейін  оқушылармен қатар ұстаздар үшін де тоқтатылды.