Хабар телеарнасы

Қызылорда қаласының Қорқыт ата көшесіндегі тұрғындары жылуға жарымай келеді

Алайда әзірге нәтиже жоқ. Сондықтан біздің арнадан көмек сұрады.

Ақысын төлесе де жылына алмай отырған Сандуғаш бірнеше ай бұрын пәтерін жөндепті. Алайда еткен еңбек, төккен тер зая кеткен. Өйткені күн суытқан бойда үй іші де салқындап, қабырғалары көгере бастаған. «Қанжылым батареялардан қайран жоқ», – дейді тұрғындар.

Гүлдана Жаңабергенқызы, қала тұрғыны:

- Үй салқын, газ қосамыз. Ұйықтайтын кезде бір бөлмеге тығылып, барлығымыз отырамыз. Пеш қосамыз, өйткені бала бар үйде.

Кезінде бұл көпқабатты тұрғын үйге жылу жақсы беріліп тұрған екен. «Қақаған қыстың күндері терезе ашып отырған да күндеріміз болды», – дейді тұрғындар. Алайда үйге ыстық су беру мақсатында осыдан 3-4 жыл бұрын жертөлесіне бойлер құрылғысы орнатылғалы бері тұрғындар тоңа бастаған.

Қазыбек Игіліков, қала тұрғыны:

- Жылу бойлерінде тұрған мына насостарды тұрғын үй қызметкерлері келіп қосу үшін рұқсат алу керек. Рұқсатты ТЭЦ беру керек. Мұны әркім бір-біріне лақтырып отыр, егесі жоқ. Осыны қосып, үйдегі жылуды реттеу керек. Болмаса, мына бойлерді алып тастап, элеватор қою керек.

Бұл үй биыл тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында толықтай күрделі жөндеуден де өтіп жатыр екен. Бірақ мердігер мекеме жертөледегі барлық жылу құбырын жаңалағанмен ақауын таба алмапты.

Болат Шендебаев, мердігер мекеме өкілі:

- Біздің бойлерге қатысымыз жоқ. Әр үйге барып, көмегімізді көрсетіп, жылу қосуды өз қаражатымыздан қарастырып жатырмыз.

Құзырлы мекеме өкілдері бұл тұрғын үйге жылу тиісті температура сай беріліп тұрғанын айтады. Дегенмен ішкі жылу жүйелеріндегі ақауды мамандар тексеруге кіріскен.

Ерлан Жаңабаев, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Бойлер орталықтандырылған ыстық су жүйесіне көпқабатты тұрғын үйді қосу үшін қойылған. Қазір модернизация жұмыстары жүргеннен кейін кейбір ақау пайда болуы мүмкін, бірақ мамандар оны қарап жатыр. Жақын арада ол мәселе шешіледі. Қажеттілігі болмаса алып тастайды.

Бүрсең қаққан тұрғындардың мәселесін мамандар жақын күндері шешеміз деп сендірді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев