Хабар телеарнасы

Қостанайда 16 отбасы қоныстойын тойлады

Қаңырап бос тұрған екіқабатты үй «Еңбекпен қамтудың жол картасы» аясында бас-аяғы 3-4 айдың ішінде толық жаңартылып, қалпына келтірілді. Жаңа үйден пәтер алғандардың дені – көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандар.

Жылу, суы орталықтандырылған жаңа үйден пәтер алғандардың бірі – 4 баланың анасы Кәмила Хамзина. Жас отбасы көптен күткен қуаныштарына қол жеткізгендеріне дән риза. Мемлекеттік бағдарламамен жалға алынған үш бөлмелі пәтерге айына 6 мың тенге төлейді. Отын дайындап, от жағу ауыртпалығынан құтылған отанасының ендігі ойы – сүйікті ісімен айналысу. Кәсіби тігінші шағын бизнес ашсам деген мақсат қойып отыр.

Кәмила Хамзина, Боровской кентінің тұрғыны:

– Қуаныштымыз, әсіресе балалар қуанышты. Енді бір кішкене шағын ғана бизнес бастаймын ба деген арманым бар. Шағын болса да, бір көрпеден бастаймын да, сосын барып, үлкеніне көшемін. Егер тапсырыстар жақсы болып жатса, қыз жасауы дейді ғой, сондай тігіндерге көшемін. Соған кішкене бір көмек керек болып тұр. Ең құрығында түрткі болатын адам болса, әрі қарай алып кетемін өзім.

Бұл – Боровской кентінде тұрғын үй құрылыс саласында соңғы 20 жыл аралығында жүзеге асырылған алғашқы ірі жоба. Құр қаңқасы қалған үйді қалпына келтіруге 100 миллион тенгеге жуық қаржы жұмсалған. Келер жылы мұнда тағы үшқабатты үйдің құрылысы басталады.

Нұрлан Бажиров, Меңдіқара аудандық Сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы:

– 24 пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, ведомствадан тыс сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы желтоқсанның 25-де шығуға тиіс. Жер телімі, барлығы рәсімделді. Алдағы жылы осы жобаға кірісеміз.

Қазір Меңдіқара ауданында 147 адам баспана кезегінде тұр. Алдағы 3 жылда сол тұрғын үйге мұқтаж жандардың санын екі есеге азайту жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг