Хабар телеарнасы

Шырша саудасы қызып тұр

Өйткені мерекенің басты белгісі саналатын – шыршаны кесетіндер көбейеді. Сондықтан орманшылар қаланың кіріп-шығар жолдарына тосқауыл бекеттерін қойып, базарларда рейд ұйымдастырады.

Ал еліміз бойынша жалпы орман қорының 4-тен 3-і осы шығыс өңірінде өссе, оның 70-80 проценттен астамы қылқан жапырақты ағаштар екен.

Шығыстағы орманшылар қазір күшейтілген кестемен жұмыс істеп жатыр. Қалаға жақын орман алқаптарына тосқауыл бекеттері орнатылды. Өйткені желтоқсан айы туа өңірде шырша саудасы қызады.

Надежда Пакидова, Таулы Үлбі орман шаруашылығы басшысының орынбасары:

– Орман шаруашылығы аумағында мобильді топтар құрылады. Бізде 5 топ күндіз-түні бақылайды. Олар орманға кірген айналма жолдың бәрін біледі.

Таулы аумақтарға орманшылар арнайы қарда жүретін техникамен патруль жасайды. Алайда аймақтағы 1,5 миллион гектар орман алқабын толық бақылауда ұстау мүмкін емес. Ал шырша өте көп мөлшерде кесілсе, оның баратын жері тек базар. Сондықтан полиция қызметкерлері Жаңа жыл жақындағанда базар маңын да ерекше бақылауға алады.

Базарға әкелінген әрбір түп шырша оны кесуге берілген рұқсат қағазымен бірге сатылуы тиіс. Алайда полиция қызметкерлері арнайы рейд кезінде талай шыршаның заңсыз кесілгенін анықтады. Ал берілген құажаттың көбі толық болмай шығады.

Осы желтоқсан айында Табиғатты қорғау полицейлері заңсыз шырша кесу бойынша 37 деректі анықтаған. Ал халыққа шыршаның базарға қалай жеткізілгені маңызды емес.

Дархан Айтқазин, Табиғат қорғау полициясының аға инспекторы:

– Бүгінге дейін қозғалған 37 Әкімшілік істің көбісі – шыршаны кесу үшін арнайы билеті болмағандар. Қазір заң бойынша шыршаны бір сабағын кесу үшін арнайы билет алу қажет.

Дегенмен орманшылардың айтуынша, соңғы жылдары бір күндік мерекеге бола шыршаны өндірістік деңгейде отау тоқтатылған. Халық та жасанды түріне үйрене бастаған. Ал шыршаны заңсыз кесуге қарсы рейдтік шаралар желтоқсанның 31-не дейін жалғасады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов