Хабар телеарнасы

Елорда төріне жіптен тоқылған 6 метрлік шырша орнатылды

Ол мына сіз бен біз үйренген жасыл түсті, қылқан жапырақты ағаш емес. Ісмерлердің қолынан шыққан – тоқыма шырша.

Идея авторлары осы art-нысан арқылы көнеден келе жатқан қолөнерге жан бітіріп, табиғатқа жанашырлық танытуды мақсат тұтыпты. Мерекенің басты нышаны қалай тоқылып, құрылды?

Осындай көтеріңкі көңіл күймен жасы бар, кәрісі бар ортақ істі жан-жақты қолдады. Қуантарлығы – игі бастама тек елордалықтарды ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың басын біріктірді. Сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан және Тәжікстаннан, тіпті қара құрлықтан да қолдаушылар табылған.

БЛИЦ:

– Вмести сила дейді ғой. Бәріміз бірге бір іс жасасақ, ол өнеді, өседі.

– Күнде-күнде жаңа кісілер келіп жатыр. Үлкен кісілер де, жастар да, кішкентай қыздар да бар. Қызығушылар көп.

– Өзіңнің қолынан келсе, бәрін тоқи аласың. Өзіңе де жылы болады. Өзіңе ыстық көрінетін болады.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

– Флешмобқа қатысу үшін шебер болу да міндетті емес. Ұйымдастырушылар тоқуды өздері үйретеді. Мәселен, құрақ көрпе стиліндегі мына шыршаны тоқуда 200-ден астам элемент қолданылады екен.

Халықтық шараға ұласқан жоба 2 аптаның ішінде жүзеге асырылды. Осы аралықта 200 қолөнерші көлемі 20/20 сантиметр болатын 2 мың шаршы тоқып шыққан.

Рахима Мұқышева, тоқыма шыршаның авторы:

– 90 жылдары тоқыдық қой киетін киім болмағаннан кейін. Қазір барлығы бар. Қалаған нәрсені сатып ала аламыз. Бірақ әр алған нәрсенің өз энергетикасы жоқ. Қолмен істелгеннің басқа энергетикасы бар. Адамның ішкі дүниелері өзгере бастайды.

Ерекше art-нысан Бәйтерек монументінің жанына, яғни Нұр-Сұлтанның төріне орнатылды. Құрақ көрпе нақышында біріктірілген шырша шыны ойыншықтармен емес, орама жіптермен және тоқылған ойыншықтармен безендірілді. Идея авторлары өз рекордтарын жаңартып, келер жылы биылғысынан да биік шырша құрмақ.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

– Металл конструкция кигізілген эко-шыршаның биіктігі – 6 метр. Ал оны тоқуға 70 келідей иірілген жіп қолданылған. Енді ерекше шырша бас шаһарға көрік беріп қана қоймай, осындай аязды күндері елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілдеріне жылулық сыйлайды.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Серік Қоңырбаев, Қанат Әбілдин