Хабар телеарнасы

Жыл басынан бері елімізде 10 балалар үйі жабылды

Мәселен, 10 жыл бұрын балалар үйінде 14 мыңнан аса жәутеңкөз тәрбиеленсе, қазір олардың саны 4200-ге дейін кеміді. «Жетімін жылатпаған ел едік». Осылай атанатын күнге қашан ораламыз? Өзгенің баласын бауырына басқан отбасылар кімдер? Ал нәрестелерін анасыз қалдырмауға бағытталған жобаның нәтижесі қандай?

Қызылордалық Ақмарал Малбағарова балалар үйінен 14 ұл-қызды патронаттық тәрбиеге алып қана қоймай, бауырына басып, шексіз мейірімін де сыйлап келеді. Үлкені 23-те болса, кішісі – 9 жаста. Алдыңғы екі қызын құтты орнына қондырып, тағы екі ұлын үйлендірген. Өзгелерінің оқу үлгерімі жақсы, өнер мен спортқа әуес. Жеткен жетістіктері мен марапаттары да жетерлік. Өсіріп отырған ұл-қыздары – әр ұлттың өкілі. «Десе де қазақы болмыста тәрбиелеуге көп көңіл бөлемін», – дейді.

Ақмарал Малбағарова, патронат ана:

– Әдебиетімізден Мұқағали Мақатаевтың, Абай Құнанбаевтың, Сәбит Мұқановтың, жастардан Саят Әбеновтің өлеңдерін оқимыз. Онда ащы болса да, шындық жазылған, соларды көбірек оқимыз. Балалар соған қарап, тәрбие алып, үлкенді қалай сыйлауын үйренеді.

Еліміздегі «Ана үйі» қоры да балалар үйіндегі тәрбиеленушілер санының азаюына ықпал етіп отыр. Соңғы алты жарым жылда осы жобаның арқасында 5 мыңнан аса әйел «баламды тастаймын» деген ойын өзгерткен.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

– Нұр-Сұлтандағы «Ана үйлерінің» бірі. Мұнда тағдырдың тәлкегіне түскен жас аналар уақытша тұра алады. Қазір іштегі жағдайды өз көзімізбен көріп, мүмкін болса, жас аналардың бірімен тілдесіп көреміз.

Біздің кейіпкеріміздің жасы не бары – 21-де. Бет-жүзін камерадан көрсеткісі келмеді. Бірақ сұхбат беруге келісті. Себебі өмірде жіберген қателігін өзгелердің қайталағанын қаламайды. Қазір оның қырқынан шықпаған бір айлық ұлы бар.

Динара, Нұр-Сұлтан тұрғыны:

– Қандай қиын жағдай болса да, баланы тастамау керек. Бар жауапкершілікті өзіне алып, өз-өзін жеңсе болды ғой. 2020 мен үшін қиын жыл болды. Бірақ 2021 жақсы болса екен деймін.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

– «Ана үйі» шарасыз қалған әйелдерге пана бола алады. Кішкентай сәбиі қасында. Ішер асы мен жатар орны да тегін. Ел аумағында осындай 21 орталық бар.

Айжан Диқанова, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана үйі» қорының үйлестірушісі:

– Егер 2014 жылы Нұр-Сұлтанда 14 адамдық 4 «Ана үйі» болса, қазір 10 орындық екі үй ғана қалды. Балаларын тастап кететіндердің қарасы жылдан-жылға азайып келеді.

Бір қуантатыны, жыл өткен сайын балалар үйлері де жабылып жатыр. Жетімдерді бауырына басып алуға ықыластылар көбейіп келеді. Қазір ел бойынша 4 мыңнан аса отбасы бала асырап алуға кезекте тұр.

Аружан Саин, ҚР Бала құқығы жөніндегі уәкілі:

– Қабылданған шаралардың арқасында 15 жылда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны 5 есе қысқарды. Осы күні еліміздегі арнайы мемлекеттік мекемелерде 4 мыңнан аса жәутеңкөз тәрбиеленіп жатыр.

Яғни қазір еліміздегі 23600 жетім баланың 4 мыңы ғана балалар үйінде тәрбиеленуде. Қалғандарының бірін асырап алса, енді бірі патронаттық тәрбиеге берілген. Демек «Жетімін жылатпаған ел едік» деп айтатын күн де алыс емес секілді.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Нұрлан Жақыпбеков, Әлібек Әлиев