Хабар телеарнасы

Қостанай облысында мал ұрлығы азаймай тұр

Ұзынкөл ауданындағы Баймұратовтар отбасы қырықтан астам жылқысынан айырылып, құр жүгенін ұстап қалыпты. Жылқылардың жоғалғанына 3 ай өтсе де, еш хабар жоқ. Өткен жылы өңірде осындай 189 қылмыс тіркелген. Соның 55-і ғана ашылып, сотқа жіберіліпті.

Жеті баласы бар Қанағат пен Халиданың қазіргі жағдайы жанға батады. Бір сәтте 42 бас жылқысынан айырылу – нәпақасын малдан тауып отырған отбасы үшін ауыр соққы екендігі түсінікті жайт. Олар атакәсіпті екі жыл бұрын қолға алды. Жеңілдетілген несиеге 12 жылқы сатып алған. Ондағы ойлары – қымыз өндірісімен айналысу еді.

Халида Баймұратова, Новопокров ауылының тұрғыны:

– Былтыр құлындағасын саууға үйрете бастадық. Енді осы шаруашылығымыз алға жүреді ме деген ойымыз, жоспарымыз болған. Арты осындай болып отыр.

«Новопокров ауылында малдың жоғалуы жиілеп кетті», – дейді жергілікті тұрғындар. Әбден басынған барымташылар өрістен үйір, табынымен айдап әкететін көрінеді.

Қайрат Ерғазин, Новопокров ауылының тұрғыны:

– Бірде менің семіз сиырым ұрланды. Табылмады. Биыл жазда 37 қойым жоғалды. Ол да кетті. Жер-көкті кезіп іздедік, ізі-қайым жоқ.

Ұрыларды іздеп, табуға міндетті полицияның жұмысына мұндағы тұрғындардың көңілі толмайды. Ал құқық қорғаушылар: «Бұл қылмыс түрінің етек алуына азаматтардың малдарын қараусыз қалдыруы – негізгі себеп». – деп отыр.

Ерлан Шәріпов, облыстық ПД КПБ аға жедел уәкілі:

– 190 ұрлықтың 127-сі өрісте төрт түліктің қараусыз жайылуынан болып отыр. Сосын араға 5-6 күн, тіпті бір ай салып, полицияға хабарлайды. Бұл іздестіру жұмыстарына өз қиындығын туғызады. Енді жаңадан енгізілген тәртіп бойынша бақылаусыз жүрген мал иелеріне екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, алдымен жеке малдарына дұрыс қарамайтын адамдарды жазалау керек. «Бұл қарақшыларға тосқауыл болудың бірден-бір тиімді жолы», – деп отыр. Ал бар малынан айырылып, қарызға батқан көпбалалы ана Халида Баймұратованың көңілін жұбататындай әзірге ешқандай ақпар жоқ.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг