Хабар телеарнасы

Мүгедектерге арналған көтергіш саты талапқа сай емес

Осы ретте Қазақстан мүгедектер одағының төрағасы Әли Аманбаев үнемі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін айтып жүреді.

Ол кісі бұл жолы Алматыда қоларбамен жүретін мүгедек жандар үшін жол үстіндегі көпірмен өтудің өзі қандай мұң екенін көрсетті. Себебі арнайы эскалаторлар мен лифтілердің көбі істен шыққан.

Одақ төрағасының айтуынша, Алматыда мыңға жуық адам арбаның көмегімен қозғалады. Бірақ мүгедектердің мұңын тыңдап шығарып салатын жауаптылар мәселені шешуге асықпайды.

Қазақстан мүгедектер одағының төрағасы Әли Аманбаевтың жолүсті көпірлеріндегі эскалаторлық платформаларға көңілі толмайды. Өйткені көпірден өту – қиын шаруа. Құрылғылардың басым бөлігінің аты бар да, заты жоқ. Ал істеген күннің өзінде көшенің арғы жағына жетуге жарты сағат уақыт кетеді. Бұл құрылғылар 6-7 жыл бұрын көпір салынғанда орнатылған. Бір платформаны қоюға 5 млн теңге қаржы жұмсалған. Алайда оның көмегіне жүгінгендер некен-саяқ.

Әли Аманбаев, Қазақстан мүгедектер одағының төрағасы:

 - Мынау масқара ғой, ақшаны желге шашу. Бір әкімшіні алып, осындай жеделсатылардың істейтін-істемейтінін тексерту керек. Бұзылып қалса, лифтілердегідей көмек шақыратын байланыс орнату тиіс. Осының барлығын ұйымдастыру қажет.

Қаладағы Саин, Рысқұлов, Райымбек, әл-Фараби сынды даңғылдардың бойында 70 көпір бар. Біз Әли Аманбаевпен бірге жүріп, бір ғана әл-Фараби даңғылындағы бірнеше көпірдегі көтерме құрылғының жұмысын тексердік. Мысалы, Асқаров көшесімен қиылыстағы көпірдің лифті әрең көтерілді. Көптен бері күтімсіз тұрғаны анық. Ал екінші жағындағы жеделсатының есігі ашылмай қалды.

Алмас Сәдуақас, тілші:

 - Бұл лифтінің жұмыс істемегені анықталғаннан кейін ғана қызмет көрсетуші компания оны жөндеуге кірісті. Жалпы лифтілер айына екі рет тексеріліп тұруы керек.

Көпірдегі көтерме құрылғылардың күтіміне аудан әкімдіктері жауапты. Эскалаторлық платформаны пайдалану мерзімі 5 жыл болса, лифтінің жарамдылығы 15 жылға дейін.

Арман Мизамбеков, Бостандық ауданы әкімдігі көріктендіру бөлімінің бас маманы:

 - Соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылы жүрді. Ал жеделсатылар сынған жағдайда үнемі жөнделіп тұрады.

Үнемі тексерілсе жеделсаты жұмысына да шағым болмас еді. Көлік нөпірі басылмайтын әл-Фараби даңғылында жолдың арғы бетіне не жерасты жолымен, болмаса көпірмен ғана баруға болады. Жаяу адам өтер. Ал арбаға таңылған жандар үшін бұл әзірге өте қиын мәселе болып тұр. Жалпы қаладағы екі мыңға жуық нысан мүгедектерге мүлдем бейімделмеген. Әзірге кемшілікті түзеу келешектің еншісінде сыңайлы.

Авторлары: Алмас Сәдуақас, Сержан Жұмабаев, Нұрдәулет Жақсыбаев