Хабар телеарнасы

Алматы қаласындағы дәріханаларда кей препараттар тапшы

Сондай-ақ респираторлық жүйе мен тыныс алу жолдарын емдейтін эсперал препаратын да таба алмайсыз. Дәрі іздеп сабылған жұртқа провизорлар басқасын ұсынып әлек.

Ал дәріхана иелері бұған Денсаулық министрлігін кінәлайды. «Себебі бекітілген шекті баға қай тарапқа болсын тек шығын әкеледі», – деп налиды.

Соңғы жылдары елімізде жүрек қан тамыры аурулары дендеп барады. Оны дәрігерлер талмай айтып келеді. Дерттің алдын алған бір бөлек. Ал ауыра қалсаң, маман айтқан дәл сол дәріні тауып ішудің өзі бір мұң болып тұр. Себебі Алматы дәріханаларында кардиомагнил мен курантил жоқ.

Нәйлә Ибрагимова, дәріхана меңгерушісі:

- Кардиомагнил бір айдан бері жоқ. Біз дистрибьютерлермен жұмыс істейміз. Олар жоқ деген соң тапсырыс бере алмай отырмыз. Курантилдің соңғы бес қорабын қараша айында саттық. Содан кейін алып келмеді. Ал эреспалдың бір жыл болмады. Көбіне жұрттың бәрі кардиомагнил сұрайды. «Оның орнына Тромбо АСС, Годасал, Тромбопол алып көріңіз», – дейміз.

Алматы дәріханаларының басым бөлігі осындай жағдайда. Бұрын кардиомагнил бағасы бөлшек саудада мөлшеріне қарай 1450-2100 теңге аралығында болған. Денсаулық министрлігі шекті бағаны 1369 теңге деп бекітті. Осыдан кейін дистрибьютерлер «шығынға батамыз» деп, оны әкелуді азайтқан. 

Ал Денсаулық сақтау министрлігіндегілер COVID-19-ға қарсы шараларды негізге ала отырып, 370 түрлі дәрі-дәрмекке шекті баға қойғандарын айтып отыр. Оның қатарында кардиомагнил мен курантил де бар.

Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ  Медициналық-фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Барлық дәріханада бар деп айта алмаймыз. Кардиомагнилдің аналогтары бар. Өте көп. Мысалы, тромбасс, аспирин, кардио және т.б. Кардиомагнил жоқ болған жағдайда дәрігерге хабарласа отырып, оның басқа түрін ішуге болады. Ал басқа препараттардың жоқ болу себебі маркетингке байланысты болуы мүмкін. Бір препарат нарықтан кетіп, орнына басқасы келіп жатады. Уақытша тіркеуі болмай қалуы мүмкін.

Әзірге алматылықтардың кардиомагнил мен курантилдің баламасын іше тұрудан басқа амалы жоқ. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев, Сержан Жұмабаев