Хабар телеарнасы

Павлодар облысы азаматтарды иммундау шараларын бастауға дайын

Осы ретте Павлодар облысында 1 жыл бұрын коронавирус инфекциясының алғашқы дерегі тіркелген болатын. Сол сәттен бері дәрігерлер кеселмен барынша күресіп келеді. Алдыңғы шептегі ақ халатты абзал жандардың абыройлы іс атқарып жүргеніне баршамыз куәміз.

Наталья Зяблицева 17 ақпанда ауруханаға түскен. Дене қызуы көтеріліп, жағдайы қиындаған. Кейін оған ковид диагнозы қойылды. Бір ай бойы ем қабылдап, бүгін туыстарының ортасына оралмақ.

Наталья Зяблицева, науқас:

-Осында ауыр халде түстім. Өмір мен өлімнің ортасында қалып қойғандай болдым. Дем алу қиындап, жүре алмай қалдым. Жансақтау бөлімінде төрт күн бойы жаттым. Дәрігерлерге рақмет! Олар болмаса, не боларын елестетудің өзі қиын.

Алдыңғы шепте аянбай еңбек етіп жүргендердің бірі – Александр Родителев. 35 жастағы реаниматолог бір жыл бойы үздіксіз еңбек етіп жатыр. Бүгінде жансақтау бөлімінде онымен бірге 50 маман жұмыс істейді. 

Александр Родителев, Инфекциялық госпитальдің реаниматолог дәрігері:

-Бұл жыл ешімге оңай соқпады, әрине. Алғашқы науқастардың ауруханаға түскені әлі есімізде. Көп ойланбай, шұғал әрі дұрыс шешім қабылдау қажет болды. Кәсіби мамандардың арқасында жұмысымызды дұрыс ұйымдастырдық. Бұл ортақ еңбек. Кәсіби міндеттерімізді абыроймен атқардық деп ойлаймын.  Соның арқасында эпиджағдай тұрақталды.

Облыста инфекциямен күрес аясында әуелі 1392 төсек-орын жасақталған. Бүгінде олардың 26 проценті толық. Ауру жұқтыру деректері азайып келеді. «Дегенмен кез келген жағдайға дайын болуымыз керек», – дейді мамандар. Сондықтан тағы екі мыңнан астам орын дайындалған. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

-Ертіс өңірінде пандемия кезінде коронавирустық инфекциямен күрес жұмыстарына екі мыңға жуық дәрігер атсалысты. Олар қазіргі уақытта қызметтерін абыроймен атқаруда. Мамандардың айтуынша, бастапқы кезеңде осындай жеке қорғаныш құралдарының тапшылығы да болған. Қазіргі уақытта 45 күндік қор жасақталды. Сонымен қатар инфекциялық ауруханалардың желісі кеңейді. Мәселен, 200 орындық мекеме қысқа мерзімде бой көтерді.

Ардақ Сейітқазинов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

-Пандемия кезінде өңірдің денсаулық сақтау саласы дами түсті. Мәселен, жедел жәрдем қызметінің автопаркі толық жаңартылды. Сонымен қатар жасанды демалу аппараттарының қоры жаңарды. Инфекциялық қызмет жақсара түсті. Модульді орталық ашылды, бүгінде 150 пациент емделуде. Емдеу мекемелерінде триж-жүйе пайда болды.


КОВИД-ті жеңудің жолы – екпе салу. Қазіргі уақытта өңірде өз еркімен екпе алғысы келетін азаматтарды иммундау шараларын бастауға дайындық қызу. Облысқа «Sputnik-V» вакцинасының 80 мың дозасы жеткізілген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков