Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінде 1 сәуірден бастап электр энергиясы қымбаттайды

Нақтырақ айтқанда, қосымша құн салығын есептемегенде 1 киловатт/сағат үшін тариф 2 теңгеге көтерілмек. Осылайша, тұрғындар үшін тұтыну тарифі 10 теңге 29 тиын болмақ. Сала мамандарының айтуынша, тарифті көтеру – қажетті шара. Бұл өндірістегі бірқатар проблеманы уақытында шешуге сеп болады. Тариф есебінен түсетін қаражат энергия таратушы компанияның инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға жұмсалмақ. Аймақтағы энергия тарату көздерінің жағдайы да мәз емес. Екінші жылу орталығы – 90%, ал үшінші жылу электр орталығы – 50% тозған. Оған қоса, облыс орталығындағы жылу магистралі 82% ескірген. Биыл жөндеу жұмыстарына 830 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы мәселені түбегейлі шеше алмайды. Сондықтан монополистер жергілікті әкімдіктің көмегіне жүгінбек.

Олег Перфилов, «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры:

- Электр энергиясын таратушы компания шығынға батты. Бүгін Энергетика министрлігіне өткен жылдың есебін жолдаймыз. Бір жылдағы орташа тариф – 7 теңге 78 тиын. Ал өндірістік өзіндік құны 8 теңге 06 тиын. Яғни өткен жылдың қорытындысы бойынша табысымыз 3 млрд теңге болса, оның 1 млрд теңгесі – шығын. Бұған қоса, энергия тарату көздері ескірген. Оларды жаңартудың бір жолы – тарифті жоспарлы түрде көтеру.