Хабар телеарнасы

Алматылық оқушы рубик текшесінен танымал тұлғалардың портретін жасайды

Олардың арасында Геннадий Головкин, Иманбек Зейкенов, Скриптонит, Димаш Құдайберген, Нұрлан Сабуров және әйгілі футболшы Криштиану Роналду бар. Ерекше іске әуестік танытқан жасөспіріммен біздің тілшілеріміз де сұқбаттасып қайтты.

Тимур Омаров  Рубик текшесін 5 жасынан бастап құрастырады. Алғашында оған 15 минут жұмсайтын. Қазір көз ілеспес жылдамдықпен 20 секундтың ішінде жинап шығады.

Тимурға есейе келе қарапайым текшелерді жинау тіптен оңайға түсетін болған. Содан кейін ол оны қиындата түсуді ойлап, портрет жасауға кіріседі. Алғаш рет анасының портретін жасайды. Оған 500-ге тарта текше кеткен. Ол үшін алдымен суретті арнайы бағдарламада түстерін ерекшелеп, өңдеп алады. Содан кейін барып, құрастыруға кіріседі. Бір портретке екі сағат жұмсайды.

Тимур Омаров, оқушы: 

- Ғаламтордан украиналық жігіттің портрет жинап жатқан бейнеролигін көріп қалдым. Мен бұрыннан рубик текшесін жинаумен әуестенетіндіктен бұл маған қызық  болып көрінді. Ата-анам да қолдады. Сабағыма ешқандай кедергісін келтірмейді. Қайта ойлау қабілетінің, ой-өрісінің дамуына пайдасын тигізеді. Мұнымен бос уақытымда айналысамын.

Тимурдың ата-анасы ұлдарының бұл іске әуестігіне алғашында таңырқай қараған. Бірақ қолдап, қажет дүниелерін алып беріпті. Әкесі тіпті портреттің жақтауын өз қолымен жасап берген.

Александра Омарова, Тимурдың анасы:

- Ол төрт жылдан бері компьютерлік академияда оқып жатыр. Өзінің алдына қойған мақсаты бар. Мен балама кәміл сенемін. Ол қолға алған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайды. Фотосуреттерді өңдеуге және кубик рубик жинауға арналған жеке бағдарламасын жасағысы келеді.

Қазір Тимур жұмыс барысын түгелдей видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жүр. Содан бері оның оқырмандары да көбейіп келеді. Төрт айдың ішінде ол отыздан астам портрет жасаған. Әсіресе футболшы Криштиану Роналду, боксшы Геннадий Головкин, әнші Димаш Құдайберген, диджей Иманбек Зейкеновті бейнелеген жұмыстары көпшіліктің оң бағасын алып үлгерді. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон