Хабар телеарнасы

Павлодар облысындағы Маралды көлінде туризм қайта жанданады

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бүгін ауа райы сәл қолайсыз. Дегенмен бұл бірегей Маралды көлінің сұлулығымен тамсануға кедергі емес. Осы жерде туристік маусым тура бір айдан кейін басталады. Мамандардың есебінше, бір жаз кезеңінде 70 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.

Маралды көліндегі демалыс орны үш маусым бойы жұмыс істеді. Бірақ кенеттен жұмысын тоқтатты. Миллиондаған қаржы құйған инвестор жылдар бойы салған инфрақұрылымның бәрін бұзып, дәретханаға дейін алып кетті. Себебі кәсіпкерге тұзды көлде тіршілік ететін артемия салина шаяндарын аулауға рұқсат етілмеген. Ал балшығы мен суы шипалы көл қаңырап қалды.

Мұзафар Әлімбаев жырға қосқан Маралды көлінің бүгінгі жағдайы осы. Бұрынғы инвестор артынан қоқыстан басқа ештеңе қалдырмапты. Енді ішкі туризмді дамытуға бет бұрған кәсіпкер курорттық аумақты қалыпқа келтіруге ниетті. Тұзды көлдің жағалауы абаттандырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалмақ.

Гүлмира Отарғалиева, кәсіпкер:

- Көл аумағына кіру адам басына 700 теңгеден басталып, 1500 теңгеге дейін барады. Жобамыз үш жылға жоспарланған. 2023 жылы демалушыларға арналған үйлер салынады. Яғни қысы-жазы жұмыс істейтін курортқа айналдырмақпыз. Арманымыз  – «бәрі енгізілген» жүйесі бойынша жұмыс істеу.

Көлдің жағалауына үш демалыс аумағы салынады. Кез келген тынығушы қалтасына қарай таңдау жасай алады. Басты мақсат әр туристің көңілінен шығу.

Әнуар Қылышбеков, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы департаментінің директоры:

- Жоба әлеуметтік сипатқа ие. Бастапқы кезеңде абаттандыру мен демалысты ұйымдастыруға 80 млн теңге бөлінген. Жазғы туристік маусымда жаңа жұмыс орындары ашылады. Үш жыл ішінде жоба өзін-өзі ақтап шығуы тиіс.

Демалыс орнында санитарлық нормалар қатаң сақталады. Бір демалушыға төрт метрлік аумақ қарастырылған. Туристердің қауіпсіздігі де басты назарда. Жағалаудан полиция және медициналық бекеттер ашылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков