Хабар телеарнасы

Елде 31 мыңнан аса азамат қаржы пирамидасының арбауына түскен

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Былтыр құқық қорғау органдары қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қатысты 213 қылмыстық іс қозғаған. Нәтижесінде 180 ұйым жұмысын тоқтатып, 126-сы жауапқа тартылды. Басым бөлігі өзін нарықта табысты компания ретінде көрсетіп, жалған акция сатып, инвестиция құюға шақырған. Бұдан бөлек, қаржы пирамидалары шағын қаржылық ұйым мен букмекерлік кеңселердің атын жамылып жұмыс істей бастаған. Осыған байланысты тәртіп сақшылары «жаңа салымшы ертіп әкелгенге сыйақы беріледі», «қысқа уақытта мол табысқа кенелуге көмектесеміз» деген жалған хабарламаларға ермеу керектігін ескертеді.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:

- Алаяқтардың көбеюі экономикалық белсенділіктің өсуімен байланысты. Кейінгіде инвестицияларға қызығатын адамдардың қатары артты. Алаяқтар осы жағдайды пайдаланып қалуға тырысады. Өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, қызметтерін ұсынады. Және азаматтарды тарту үшін түрлі инвестициялық жобаларды ойлап табады. Ал іс жүзінде олардың өзінде ешқандай қаражат та, актив те жоқ.