Хабар телеарнасы

Жезқазған 25 жылдан соң қайта облыс орталығы болды

Ал жергілікті халық өздерінде өндірілетін басты байлық – мыстың пайдасын көретін күн туды деп қуанулы. Себебі осыған дейін «Қазақмыс» төлейтін салық Қарағанды облысының бюджетіне барып түсетін.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Сонымен, 8 маусымнан бастап ресми түрде Ұлытау облысы құрылды. Жезқазған қаласының әуежайынан шыққан кезде бірден көзге түсетіні - «Ұлытау облысына қош келдіңіздер!» деп жазылған баннер. Жалпы Жезқазған қаласы облыс орталығы болуға қаншалықты әзір? Жергілікті тұрғындар бұл жайында не дейді? Осыны білмекке біз арнайы келдік.

Жезқазған – енді моно қала емес, тұтас бір облыстың орталығы. Осы мәртебеге сай болу үшін қала жанталасып жатыр. Жөнделіп жатқан жолдар, ескерткіштер. Мұндай өзгерістерді жергілікті халық ұзақ күтті, тура 25 жыл. Солардың бірі – Cерғазы Өтеген.

Серғазы Өтеген, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- 25 жыл өтті. Құдайға шүкір, Ұлытау облысы болып құрылдық. Жалғыз мен емес, бәрі қуанып жатыр. Мыстан түскен ақша осында қалуы керек».

Жезқазған мен Қарағандының арасы 528 шақырым. Жергілікті халық бір құжатқа қол қойдыру үшін осынша жол жүріп, облыс орталығына баруға мәжбүр еді. Солардың бірі – Ботагөз Сұлтанқызы.

Ботагөз Сұлтанқызы, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бауырым – мүгедек. Жыл сайын анам екеуміз Қарағандыға барып тексерістен өтетінбіз. Жаман ауру болса да, Нұр-Сұлтанға не Қарағандыға жіберіп жатады. Медицина саласын дамыту керек.

Жаңа облысқа – жаңа депутаттар. Ұлытау облыстық мәслихатының алғашқы сессиясы өтіп, 12 депутат тағайындалды. Соның бірі – Бахтияр Қожахметов. Өзі Ұлытаудың тумасы болғандықтан, ұлы істерге жең түре кірісуге әзір.

Бахтияр Қожахметов, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты:

- Осыдан жиырма күн бұрын Қарағанды облысының депутаты болғанмын, енді Ұлытау облысының депутатымын. Жол да салынар, қала да көркейер, экономика жақсарар. Оның бәріне сенемін. Бұл – әділетті шешім.

Ал Жезқазған қаласының әкімі – Қайрат Әбсаттаров. Әзірге өзінің кабинетінен қаланың даму көкжиегін көрсетіп тұр. Әзірге дейтін себебіміз, жоспарға сай жақын арада бұл ғимаратқа облыс әкімдігі көшіп келеді. Дегенмен өзі де отыра беруге қарсы емес.

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:

- Облыстың әлеуетін білемін. Тапсырма беріліп жатса, әрқашан орындауға дайынбыз.

Біз тұрғындардың біразымен тілдестік. Қарапайым тұрғындардың да тілегі қарапайым. «Арзан баспана, түзу жол, таза су болса екен», - дейді.

Үш қала, екі аудан. Ұлытау облысының аумағы 190 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Аумағы анықталды, енді әкімі тағайындалып, бюджеті бекітілуі тиіс. Облыстарға кімнің әкім болып барарын орталықтағылар күн сайын болжап жатса, ұлытаулықтарды бұл мәселе аса алаңдатпайтын да секілді. Бір-екеуінен сұрап көріп едік, «ең бастысы, ел бар, ал бектер келе жатар», - деген жауап алдық. 

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Айдос Серікболұлы