Хабар телеарнасы

Қарағандыда «Тең қоғам» атты әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды

Қазір облыста 55 мыңнан астам мүгедек бар. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген үздіктері бүгін марапатталды.

Әлеуметтік бейімдеу орталығы тегін қызмет көрсетеді. Мұнда 12 маман жұмыс істейді. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуына, түрлі құжаттарды рәсімдеуіне және ақпараттық кеңес алуына көмектеседі.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімінің міндетін атқарушы:
-Қазір оңалту құралдары және қызмет түрлері әлеуметтік портал арқылы ұсынылады. Бұрыңғыдай кезек күтіп, бір мекемеден екінші мекемеге бармай, өтініш беру қажеттілігі жоқ. Қажетті құрал мен жеткізушіні өздеріңіз таңдайсыздар.

Қазір өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсететін 70 ұйым жұмыс істейді. Бірнеше игі жоба жүзеге асқан. Аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы ашылды. Ерекше балаларға арналған түрлі спорттық секциялар жұмыс істей бастады. Аймақтағы 11 қалада инвотакси іске қосылды.

Мейірім Орынбаев, Балқаш қаласының тұрғыны:
-Балқаш қаласында автоеріктілер деген жоба басталған. Мүмкіндігі шектеулі адамдары жәй қарапайым көлігі бар адамдар тасып көмек жасайды. Тегін әрине.

Салтанатты шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтеріп, қоғамдық ой қозғап жүрген белсенді азаматтар марапатталды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инклюзивті, ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін әділетті Қазақстанды құру бастамасының басты идеясы Equality, яғни теңдік деп білеміз.

Қарағанды облысындағы мүмкіндігі шектеулі 55 мың азаматты оңалтуға, әрі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге биыл жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. 1300-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 90 адам өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар