Хабар телеарнасы

Қарағанды облысының кәсіпкерлері мемлекет тарапынан 5% несие ала алады

Несие алушы қарызының 85% «Даму» қоры кепілдендіреді. Бағдарлама келер жылдың басында іске қосылады деп  жоспарланған. Осы мақсатта екі бірдей екінші деңгейлі банкпен келісім жасалып жатыр. «Кәсіпкер» бағдарламасы – бұл кәсіпті дамытуға бағытталған Қарағанды облысының төл жобасы. Оған облыс орталығынан өзге моноқалалардан да өтініш қабылданады. Қазір облыстық бюджеттен 250 млн теңге, «Даму» қорынан 250 млн теңге бөлініп, бас-аяғы жарты млрд теңге жинақталған. Ал 2023-ші жылы бағдарлама портфелі 1 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.

Ерлан Ержанов, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары: 
- Өңірлік бағдарламаның ең басты артықшылықтары – ол несиенің жеңілдетілген түрінде. Яғни пайыздық мөлшерлеме төмен. Қарыз мөлшері бір адамға 50 млн теңгеден аспауы тиіс. Несиелеу 5 жылға дейін беріледі.

«Даму» қоры кәсіпкерлерге кепілдеме береді. Яғни серіктес банктердің қаржы қайтпай қалады деп алаңдауына негіз жоқ. Есесіне қор қаржының мақсатты жұмсалғанын бақылайтын болады.

Әсет Тілемісов, «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ҚОФ директоры: 
- Даму қорында монитринг бөлімі бар. Сол бөлім қызметкерлері несиені алған соң жобаға байланысты 6 айдан кейін несиенің қайда жұмсалғанын анықтап, қағаз түрінде фото фиксация жасап, бәрі дұрыс болса жоба жүзеге асты деп қабылдайды.

Қазір өңірде шағын және орта кәсіптің 90 мыңға жуық өкілі бар. Онда 220-мыңнан астам адам жұмыс істейді. Шағын және орта кәсіп өкілдері өткен жарты жылдықта 1 трлн теңгенің өнім шығарған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар