Хабар телеарнасы

Орталық Азия елдерінің ірі медиа компаниялары Қазақстанға келуі мүмкін

Алыс-жақын шет елдерден жиналған әлемге әйгілі 100-ден астам сарапшы саланың дамуын талқылады. Атап айтсақ, ақпарат кеңістігіндегі фейк мәліметтермен күрес, әлеуметтік желінің әсері, кибер-қауіпсіздік, журналистердің біліктілігін арттыру, тіпті жасанды интелектіні медиада қолдану жайы да сөз болды. Ал ең басты мақсат – Орта Азия елдерінің ортақ ақпараттық кеңістігін құру арқылы бауырлас мемлекеттердің бауырмашылығын күшейту, сыртқы сын-қатерлерге бірге төтеп беру. Айта кету керек, аталған форумды өткізуге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болды.

Абдулла Гүл, Түркияның экс-президенті: 
- Қазір қай елдің Үкіметі болмасын ашық айтатын медиа құрылымдардан қорықпауы керек. Себебі мұндай бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның дамуына сеп болады. Керісінше оларды тың технологиялармен қамтамасыз етіп, құзырет беру керек. Міне сонда ғана биліктің ашықтығы мен халыққа есеп беруі қалыптасады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: 
- Тек қана форумды өткізіп қана қоймай, бұның болашақта жалғасуын күтеміз. Тұрақты платформаға айналу жөнінде ұсыныстар бар. Ортақ сериалдар, ортақ анимациялық фильмдер түсіру, сонымен қатар ортақ сайт ашу, ақпарат кеңістігінде ортақ жобалар жасау сияқты қадамдар меніңше болашақта ортақ ақпараттық кеңістікті құруға нақты қадам болады.