Хабар телеарнасы

Атырау қар құрсауында қалды

Атырауда кеше қалың қар жауып, қозғалыс қиындады. Салдарынан қала іргесіндегі ауыл халқы әбден әбігерге түскен. Борай жауған қардан кеше бірнеше шағын аудан мен ауылдарда жарық сөнді. Ал қала көшелері әлі қардан толық тазартылған жоқ. 

Өткен аптаның жұма, сенбі күндері қалаға қар жауып, тұрғындар мәз болып еді. Қала көшелері сол екі күнгі қардан толық тазартылмаған еді. Кеше тағы қалың қар түсті. Тіпті боран соғып, кей ықшам аудан мен қала іргесіндегі ауылдарда жарық сөнді. Жылыой, Махамбет, Құрманғазы аудандары да жарықсыз қалды. Қалыпқа келтіру жұмыстары ұзаққа созылғаны жасырын емес. Тіпті кей жерде жарық таңға қарай берілген. Қала іргесіндегі Дамбы, Талқайраң, Еркінқала ауылдарына қатынайтын жол толық ашылмаған. Таңмен таласып, жұмысқа асыққандар діттеген жеріне жете алмай қалды. Жауаптылар: «алдағы 3-4 күн ішінде жағдайды қалыпқа келтіреміз», — дейді.

Мейірім Қалауи, қала әкімі:
-Жасыратыны жоқ соңғы 6-7 жылда Атырауда жауып тұрған қардың көлемі осындай көлемде. Қазіргі таңда 76 техника қала бойынша жұмыс жасап жатыр. 2000 кубтан астам қар шығарылды. Жұмыстар жалғасады. Алдағы 3-4 күнде қаланы қардан, орталық көшелерін, екінші деңгейдегі көшелердің барлығын қардан тазалаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Қазір республикалық маңызы бар жолдарда жолаушы тасымалы уақытша тоқтаған. Сондай-ақ қарды тазартып үлгермеуіне байланысты қала маңындағы 5 бағытқа қатынайтын қоғамдық көлік жұмысы да тұралап тұр. Кешеден бері мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтан оқуға көшті.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев