Хабар телеарнасы

Ақтөбе өңірінің тұрғындары жайлы күн кешу үшін күресіп келеді

6 жыл бұрын пайда болған ауылда не жол, не таза су жоқ. Жұрт электр жарығына да жарымай отыр. Ал қазір еріген қар суынан жер балшыққа айналған. 

«Думан» ауылында алғашқы үйлер 2017 жылы салынған. Елді мекенде 100 шақты баспана бар, мыңға жуық адам тұрады. Қазір тұрғындар көктемгі су тасқынының зардатын тартып отыр. Қырдан келген топан су шеттегі үйлерге кіріп бүлдірген. Ал ауылда аяқ алып жүретін жол жоқ. Айнала қалың батпаққа айналғандықтан, мектеп жасындағы балалардың оқуға баруы қиындаған.

Қарлығаш Жүнісова, «Думан» ауылының тұрғыны:
- Жоғары жақтан келеді основной судың бәрі. Менің үйім жиекте, сосын көршілерімнің үйлері де жиекте. Бәрі суға кетті биыл, фундаментке дейін көтерілді. Мына жолдың кесірінен автобус ішке кірмейді, 40-шы маршрут.

Былтыр ауылдың 2-3 көшесіне қиыршық тас төселіп бастаған. Алайда аяқсыз қалды. Тұрғындар осы бастаманы жалғастырып, ауылға кіретін орталық жолдың жөнделуін талап етіп отыр. Халықты мазалаған мәселе мұнымен шектелмейді.

Жол және жарық мәселесін әкімдік көп ұзамай шешуге уәде етті. Ал ауыз су қоры бұл маңда болмағандықтан, ондаған шақырым қашықтықтағы «Құндақтақыр» кен орнынан тарту көзделіп отыр.

Айбек Көпенов, Астана ауданының әкімі: 
- Қазіргі кезде биылғы жылға конкурстық рәсімдеу қайта жүргізілетін болады жолға байланысты. Ал енді жаңа тұрғындармен сөйлесіп келісілді. Щебень төсеу мәселесін біздер кезең-кезеңмен жүргізетін боламыз. Трансформатор мәселесі. Бұл жерде негізі екі трансформатор жұмыс істеп тұр. Қосымша 4 трансформатор қоюымыз керек.

Тұрғындар айтылған сөз құрғақ уәде күйінде қалмас деп сенеді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев