Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысындағы Сенек ауылын құм басу қаупі туды

Елді мекенде 2 мыңдай адам тұрады. Тұрғындар қатты жел соқса, көшпелі құм үйлерді басып қала ма деп алаңдайды. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы — ауыл айналасына сексеуіл егу. 

Көшпелі құм — Сенек халқының басын ауыртқан жалғыз мәселе. Елді мекен ток, су, жол, көгілдір отынмен толық қамтылған. Тек сусыма құмды біржолата тоқтатудың сәті түспей келеді. «Бұрынырақ егілген сексеуіл көшеттері ұстап қалмағанда, жер үйлерді әлдеқашан құм көміп тастайтын еді» — дейді тұрғындар.

Разғали Құлпыбаев, ауыл тұрғыны:
-Сексеуіл еккеннен кейін мына құм тоқтады. Бұрын бір мекеме болған екен, ол қысқарып қалды дейді. Енді орман шаруашылығы берген. Онда да 2 адамы қалған дейді. Енді осыны қолға алмаса, шынын айтқанда елдің көшіп кету қаупі бар.

2004 жылдан бері 1200-ден астам гектар жерге сексеуіл көшеті егіліп, айналасы қоршалған. Уақыт өте келе темір қоршаудың кей бөлігі сөгіліп, құлап қалған. Кірген мал жасыл желекті жеп, бүлдіріп жатыр. Оның үстіне соңғы жылдарда болған қуаңшылықтан көшет өспей қалған. Қазір аумақты 3 күзетші қадағалайды.

Ербол Денов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
-Бұл сексеуіл «Бейнеу орман шаруашылығы» мекемесіне жатады. Аталған жұмыстар тоқтамайды. Бюджеттік өтінімдерді ұсынды. Алдағы мәслихат сессиясында қаралатын болады. Егер қолдаған жағдайда жұмыстар жалғаса береді.

Бұрын мердігер мекеме сексеуіл егу әрі күтіміне жауапты болған. Енді бұл жұмыс мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға жүктеліп отыр. Оның қызметкерлері былтыр бюджеттің 33 млн теңгесін игерген. Осы жылы сұралған қаржы көлемі бұдан да көп. Қажет техникамен жабдықталып, штат саны көбейген соң мамандар Үштаған, Шебір, Тұщықұдық ауылдарына төнген көшпелі құмды тоқтатумен де айналысады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев