Хабар телеарнасы

Алматыда дизель отынының тапшылығы байқалды

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ең бірінші себеп — Шымкенттегі зауыттың уақытша тоқтауы. Сондай-ақ сұраныс күрт көбейіп, тұтыну мөлшері бірден 30-35% көтерілген. Жүргізушілер қаланы аралап, жанармай іздеуге мәжбүр. Тапқан күннің өзінде қолма-қол ақшаға бермейді. Жанармай құю станцияларының бірқатары дизель отынын талон арқылы сатуға көшкен. Шектеу қойып, 50 литрден таратып жатқандар да бар. Әкімдік ақпаратына сүйенсек, қала тұрғындарын, автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қажетті отынмен қамту үшін жекелеген жанармай құю бекеттерінде шектеу енгізілген. Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мәліметінше, қазір қалада ірі жанармай құю станциялары мен мұнай базаларында 9 мың тоннаға жуық дизель отыны бар. 4-5 күнде тағы 5 мың тоннасы жеткізіледі. Сәуірдің соңында Шымкент мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылса, жағдай қалыпқа келуі тиіс.

Қайрат Нұрқасымов, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:
-15 наурыздан бастап шымкенттік зауыт күрделі жұмыстар жүргізуге жабылды. Бұл жабылу бойынша кішкене дефицит болып тұр. Соны реттеу үшін басқарма ретінде, акимат ретінде КТЖ мен бірлесіп қазіргі таңда Атырау және Павлодар зауыттарынан дизель отынын тез Алматыға жеделдету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.