Хабар телеарнасы

ШҚО-да кәріз суы өзенді ластады

Күршімде кәріз суы өзенге құйылып жатыр. Ондаған жылдар бойы көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе шешілер емес. Өткен жылы біздің тілшілеріміз бұл проблеманы тағы көтерген еді. Содан кейін экологтар кәрізге жауапты коммуналдық мекемені тексеріп, айыппұл салды. Алайда түйткілдің түбегейлі қашан шешілері белгісіз.

Байғазы Рахметолдин 22 жыл бойы экология саласында қызмет еткен ардагер маман. Бүгінгі жағдайға іші ашиды. Сазаны мен шортаны шоршыған Күршім өзенінің құрып бара жатқанына куә болам деп ойламапты. Талай жылдан бері тазарту қондырғысы жұмыс істемей, кәрізден шыққан лас қалдық өзенге тікелей құйылып жатыр. Қазір өзенге шомылмақ түгілі ел қармақ салмайды.

Байғазы Рахметолдин, зейнеткер:
-Қазір Күршімнің бойында балық жоқ,бұрын мамырда уылдырық шашуға шығатын балықтар хариус,сорочка,шортан, сазан. Біреуі де қазір шықпайды. Ауданға қаржы дұрыстап бөлінгеннін қалаймын өз басым.

Кәріз жүйесі — 14 шақырым. 2300 абонент қолданады. Дәл қазіргі уақытта тоғандағы лас су арнайы көлікпен қазаншұңқырларға тасымалданып жатыр. Қондырғыны жөндеу мүмкін емес. Сондықтан жауапты коммуналдық мекеме осындағы әскери бөлімнің тазарту жүйесін өз теңгеріміне алмақшы. Сөйтіп сол ғимаратқа қосылып амалдай тұрмақ. Ол нысанның өзін жөндеу үшін 80 миллион теңге бөлінді.

Әйгерім Болатбаева, Күршім аудандық әкімдігі коммуналдық кәсіпорнының маманы:
-Кәріз жүйесінен шығып жатқан лас судың жалпы көлеміне сай келетін құрылғылар орнатамыз,кейбір кәріз жүйелері учаскелері бар соларды жөндейміз, ішіне аз ғимарат ішіне жөндеу жұмыстарын жасаймыз,өздеріңіз көріп отырғандай тозығы жетіп тұр.

Күршімдегі кәріз жүйесі қызметін мүлдем тоқтатып тастауға келмейді, ондай жағдайда жүздеген үйден шыққан лас су көшелерге тарап аулаларды басып қалуы ықтимал. Ал мына әскери бөлім жүйесіне қосылу да — уақытша амал. «Мәселені түбегейлі шешу үшін жаңадан тазарту қондырғысын салу керек,ал ол үшін миллиардтаған қаржы қажет», — дейді сарапшылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов