Хабар телеарнасы

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Түлектердің бабы мен бағы сыналатын сәт! Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бұл жолғы науқан 42 күнге созылады. Жалпы 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтінім берген. 75% қазақ тілінде, 25% жуығы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде сынақ тапсырады. Мамандар талапкерлердің көпшілігі инженерлік, техникалық мамандықтарды таңдағанын айтады. Тиісінше, гранттардың да 60% осы бағытқа бөлінбек. Негізгі тестілеу форматында өзгерістер жоқ. «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталған. Ең жоғары ұпай – 140 балл. 4 сағат уақыт беріледі. Ал ұйымдастыру жағын айтсақ, биыл тест тапсыру орталықтарының саны артқан. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-Биылдан бастап енді ресми екі рет ҰБТ-ны тапсыруға рұқсат береміз. Екі емтиханның ең жоғары балы сіздің балаңыз үшін, талапкер үшін ресми балл болып саналады.