Хабар телеарнасы

Жезқазғандағы «Степлаг» лагерінің орны мұражайға айналады

Жезқазғандағы «Степлаг» лагерінің орны ашық аспан астындағы мұражайға айналады.

Биыл зұлмат жылдардың куәсі болған лагердің негізгі ғимараттары қалпына келтіріледі. Реставрацияның алғашқы кезеңіне республикалық қазынадан шамамен 60 миллион теңге бөлінді. Тарихқа үңілсек, мұнда өткен ғасырдың 50-жылдары жала жауып сотталған 21 мыңнан аса саяси тұтқын жазасын өтеген. Тарихта «Кеңгір көтерілісі» атауымен белгілі тұтқындар ереуілі де осы лагерьде болған. Қырық күндік көтеріліс әскери техника күшімен басылған. Азапты мекеннің сақталған бөліктері қазір туристер жиі баратын орынға айналған.

Бақытжан Көпбаев, Облыстық тарихи-мәдени мұраларды сақтау орталығының басшысы: 
- Бұл 6 бөлімге бөлініп тұр. Ең бірінші абаттандыру және фундаменттерді қалпына келтіру. Шеткі қоршауларын қалпына келтіру деген сияқты мәселелер толығымен қарастырылып отыр. Биыл қалпына келтіріп алғаннан кейін, келесі жылдан бастап бұл жерді аспан астындағы мұражайға айналдыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.