Хабар телеарнасы

Талдықорғанда 20 жылдық пәтер кезегі жойылған

Талдықорғанда 2002-2022 жылдар аралығында пәтер кезегіне тұрған азаматтардың құжаттары жойылып кеткен. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді. Қағаздармен қоса, порталда болған 1700-дей өтініш те ақпараттық жүйеден өшірілген. Аймақта мемлекеттік бағдарламамен баспана салу ісі де баяу. Мәселен, былтыр облыс орталығында небәрі 20 мың шаршы метр ғана пәтер тапсырылған. Ал 20 жыл бойы жиналған қағаздарды жою кімге және не үшін керек болғаны әзірге белгісіз. Бір белгілісі, бұған дейін 1 мыңнан астам пәтер заңсыз үлестірілген.. Ал Талдықорғанда қазір 15 мыңнан астам адам, баспана кезегінде тұр.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
-Біз бұл мәселемен бір жыл бойы айналысып кезекті қайта қалпына келтірдік. Ал аталған былықты қазір құзырлы органдар тергеп жатыр. Бүгінде ұйымдасқан топ анықталып келеді. Бірақ олардың нақты кімдер екенін қылмыстық іс сотқа жетпей тұрып айта алмаймыз. Кінәлілердің барлығы жазаланады.