Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында мұнай ұңғымасы жанып жатыр

Маңғыстау облысында мұнай ұңғымасының жанып жатқанына алты тәулік болды. Өртті сөндіру мүмкін болмай отыр. Техногендік апат Бозашы мұнай түбегінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында болған. «Тілсіз жаудың тұтаныуына жөндеу жұмыстары кезінде ұңғымадағы газ бен сұйықты тығыздаушы жабдықтың герметизациялануы себеп болуы мүмкін», — дейді мамандар. Ұзақ уақыт газды-ауа қоспа атқылауынан аумақта диаметрі 12-15 метрдей терең шұңқырлар пайда болған. Соның салдарынан апат орнына өрт сөндіру құралдары жақындай алмай отыр. Қазір ол жерде 33 арнайы техника мен 90 адам кезекшілікте тұр. Өртті өшіру жолдары облыс әкімдігінде өткен шұғыл жиында талқыланды. 

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:
-Қалай болғанда да мұны қалыпты жағдай деп айту қисынсыз. Өрт қарапайым қауіпсіздік шаралары сақталмауынан болуы да әбден мүмкін. Мұнай ұңғымасына түсетін газ қорының көлемі мен қысымын анықтап, апаттың бетін қайтару үшін іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеу қажет. Жұмыс жобасын жан-жақты зерделеп, құзыретті мамандар бірауыздан мақұлдауы тиіс. Оны әзірлеуге барлық мердігер ұйымдар мен жауапты мамандар бірдей атсалысуға міндетті.