Хабар телеарнасы

Үлкен Алматы айналма жолы ашылды

Еліміздегі ең ірі жол-көлік инфрақұрылымдарының бірі Үлкен Алматы айналма жолы бүгін ресми ашылды. Ұзындығы 66 шақырымдық айналма жолмен енді күніне 35-40 мың көлік жүреді деп жоспарланып отыр. Құрылысты түрік-кореялық консорциум салды. Магистральдың техникалық категориясы ең жоғарғы 1 «А» санатына жатады. Яғни сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Бір реттік жолақы 200 бен 2,5 мың теңге аралығында. Инвесторлар 16 жыл бойы кепілдік береді. Осы уақытта түскен табысты да өздері алады. Айналма жол Алматы облысының үш ауданын басып өтеді. Қарасай, Іле, Талғар ауданының тұрғындары үшін жеңілдік қарастырылған. Олар 1 айлық абонементті 1725 теңгеге ала алады. Жоба көлік кептелісін азайтып, экономиканың өсуіне де ықпалын тигізеді. Жолдың қыр-сырын біліп, жүргізушілер үйренгенше магистральмен жүру бір ай тегін болады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық Экономика министрі:
-Шетелде осындай сияқты жолдар олар өте жоғары төлемдер алады. Ал осы жерде төлемдер төмен болады ғой. Ол жалпы қалтаңа қатты тигізбейді. Бірақ адамдар жайлы жолмен сонан кейін қауіпсіз жолмен жүреді. Ал қауіпсіздік ол деген әрине ақшамен бағалайды.