Хабар телеарнасы

Шымкентте мемлекеттік қызметші парамен ұсталды

Шымкентте жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев  парамен ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандарының мәліметінше, ол кәсіпкерден 13 млн теңге алған. Басқарма басшысы мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлеуге уәде беріпті. Сот санкциясымен күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды. 

Дәурен Ерқарин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы:
- Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеліп жатыр. Басқарма басшысына қатысты 13 млн теңге пара алған фактісі бойынша. Басқа ақпаратты мен сізге жариялай алмаймын. Ол факті бойынша мердігер мекеменің басшысы арызбен жүгінген болатын. Осы арызды тексеру барысында біздер бұл лауазымды тұлғаның іс-әрекетінде қылмыстың бар екенін анықтадық.