Хабар телеарнасы

БҚО-да құм көшкініне қарсы шаралар жүргізіліп жатыр ма?

Батыс Қазақстан облысындағы орман қорының бестен бірі шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданында орналасқан. Нарын құмына қолдан отырғызылған жасыл желек шөлейт даланың ортасындағы оазис іспетті. Алайда төрт түліктің шектен тыс көбейіп кетуінен және жайылым жерді қорғау қағидаттарының сақталмауы салдарынан құмның эрозияға ұшырауы байқалады. 

Нарын құмындағы мына зәулім қарағайлар 19 ғасырдың аяғында отырғызылған, ал жалпы Орда орманының тарихы сол ғасырдың ортасынан бастау алады. Орынбор губернаторы Эссеннің 1832 жылғы хатында хан Жәңгірдің сұрауымен қайың, қарағаш, емен көшеттерін Ішкі Ордаға жібергені айтылған. Ал 1842 жылы тал-теректерді қорғау үшін Жәңгір хан екі күзетші тағайындайды.

Нарын құмының етегіндегі Хан Ордасының іргетасы 1826 жылы қаланған. Ал 1840 жылдары Орданы құм басқан. Ауылды көшіру туралы мәселе де көтерілген. Сол кезде-ақ орман егіліп, құм тоқтату басталған. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де бұл жұмыстар жалғасуда. Мәселен, Сейітқали ауылы 2000 жылдардың басында қызыл құмнан көз ашпапты. Талай тұрғынның қора-қопсысы көміліп қалды.

Манарбек Тілегенов, Сейітқали ауылының тұрғыны:
-Бұрын құм болды. Қазір енді тоқтады ғой. Айналасы жыңғыл еккесін бәрі жақсы болды. Бұрын қора-қопсы бәрін де басып қалды ғой.

Сейітқали ауылының айналасына 2005 жылдардан бері 120 гектардай аумаққа жиде, жыңғыл секілді ағаш түрлері егіліпті. Нәтиже жоқ емес. Орманшы ардагер Талғат Саматов сол жұмыстардың басы-қасында болған екен.

Талғат Саматов, Хан Ордасы ауылының тұрғыны:
-Мынау тамарикс, қазақша жыңғыл дейміз, соларды тамырландырып егіп шығарғанбыз. Қазіргі жағдайда Сейітқали елді мекенін құм басу жағдайы тоқтады деуге болады. Әлде де жұмыстар жүргізуде. Жері сортаңдау, басқа ағаш шықпайды. Бұл жер сортаңдау. Тамарикс шығатын, сосын жиде шығатын болар тек. Қарағаш нелер шықпайды.

Сейітқалидан басқа ауданда Үштерек, Бисен, Жетібай, Жиекқұм ауылдарына да құм басу қаупі төніп тұр. Көшкен құмды тоқтату мақсатында қазір осы елді мекендер маңындағы 600 гектар жер орман қорына алынып, соған тал-теректер егу жоспарланған.

Артур Ғазизов, «Орда орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары:
-Алдағы уақытта соны топырақ зерттеу жұмыстарына жіберіп, құм тоқтату жұмыстарына жыңғыл, басқа да ағаш өскіндерін егетін боламыз. Бұл енді үлкен проблема деуге болады. Себебі құм көшкіні алдын алмаса, бүкіл ауылды басып кету қаупі бар. Бұрын Бисен елді мекені қырда тұратын. Қазір шет жақтарында құм келіп қалған.

«Қойнауы құтты құм Нарынның эрозияға ұшырауының басты себебі төрт түліктің шамадан тыс көбеюі», — дейді мамандар. Хандық кезеңде де, кеңес үкіметі тұсында да мал жазда жайлауға қырға шығарылып, қараша айында құм қатқан соң ғана кері кіретін. Ал қазір шаруаларда басы артық жер жоқ. Мал қысы-жазы құмның ішінде. Соның салдарынан қуаңшылық жылдары қой тұяғы тақырлаған жерлерде құм көшкіні басталады екен.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов