Хабар телеарнасы

Шымкентте жылу орталығын жөндеуге қаражат бөлінді

Биыл Шымкент жылу энерго орталығын жөндеуге 1 миллиард 255 миллион теңге қаражат бөлінді. Инвестор есебінен қос турбогенератор жаңғыртылып, үш бірдей жылу қазандығы жөнделеді. Қысқы жылыту маусымында шаһардың 75% ыстық сумен қамтитын стратегиялық нысанға жоспарлы жөндеу кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. 40 жылдан бері жұмыс істеп тұрған қондырғылардың 59% тозған. Сондықтан энергетика министрлігі орталықты қызыл тізімге қосып, жаңғыртуға бағытталған жобаны кестеге сай жүзеге асыруды тапсырды. Кәсіпорынға Парламент Мәжілісінің депутаты арнайы барып, жұмысшылармен кездесті. Салаға қатысты бірқатар мәселелерді саралап, жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Жансерік Ерботаев, энергоорталықтың бас инженері:
-Износ дейміз ғой ол 65% еді, оны 59% түсіргенбіз. Осы соңғы істелетін жөндеу жұмыстарынан кейін 57,7% түсеміз деген ойымыз бар.

Данабек Исабеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бүгінгі күнде қандай қаражат беріліп жатыр? Ол мақсатты игеріліп жатыр ма? Жұмыстары сапалы жүргізіліп жатыр ма? Алдағы уақытта квартал сайын немесе ай сайын өзіміз келіп бақылауға алып тұрамыз.