Хабар телеарнасы

СҚО-ның атқамінерлері мен мамандары шегірткеге қарсы күресті күшейтті

Қостанайдағы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Солтүстік Қазақстан облысының атқамінерлері мен мамандары шегірткеге қарсы күресті күшейтті. Өңірде арнайы штаб құрылған. Қазір шекаралас аудандарда зиянкестерді дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егінге қауіп бар ма? Сала мамандары не дейді?

Егіннің басты жауы – үйірлі шегіртке. Бұл зиянкестер тез көбееді, әрі топтасып ұшады. Олар бас көтерсе бой бермейді. Осындай алқаптардың түгін қалдырмай жайпап өтеді.

Үйірлі шегірткелер күніне ондаған шақырым жерді секіріп өте алады. Қазір диқанның көңілі алаң. Олардың ойынша, қауіп көрші Қостанай облысынан келуі мүмкін.

Байкенже Құрманов, фермер:
-Біз Ақмола және Қостанай облыстарымен шектесеміз. Қазір жағдай тұрақты. Италиялық шегірке байқалмайды. Бірақ қауіптің алдын алу үшін көрші ауданның шаруаларынан хабар алып тұрамыз.

Қазір химиялық өңдеу шаралары 7 ауданда аяқталып қалды. Әсіресе Қостанайға жақын диқандар егін алқаптарын жаппай зарарсыздандырып жатыр. «Әзірге, шегірткелер байқалмайды», — дейді мамандар.

Нұрлан Бүркіталин, ҚР АШМ Мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясының басшысы:
-Бүгінгі таңда шаруалар химиялық өңдеу шараларын жүргізіп жатыр. Ол үшін пестицид қоры жеткілікті. Техникалар дайын. Ал фитосанитарлық зерттеу қорытындысы бойынша, шегіртке анықталған жоқ.

Өңірде зиянкестерге қарсы 520 мың гектарға жуық жер дәріленді. Бұл жұмысқа бір жарым мың бүркуіш техникасы жұмылдырылған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков