Хабар телеарнасы

БҚО-ның Жаңақала ауданындағы өзен-көлдерге су мол жиналды

Соңғы бірнеше жылда тіршілік нәрінен тарыққан шаруалар үшін қолайлы жағдай қайта туды. Аймақ билігі енді осы суды ағыстың төменгі жағында жатқан Қамыс-Самар өлкесіндегі ескі суаттарға бағыттамақшы. Сонда киіктердің де баяғы мекенін қалпына келтіруге болады деген пікірде. Ал шаруалар мұнымен келіспейді. Олар онсыз да әрең жиналған судан тағы айырылып, қуаңшылық қайталана ма деп қорқады.

Еркебұлан Смадияров, тілші: 
- Жаңақала ауданына тиіп тұрған мына көлдің орнында соңғы бірнеше жылда бір тамшы су болған жоқ. Енді міне, биыл қайта қалпына келген. Су толды, балығы тайдай тулап жатыр, қамысы қаумалап өскен. Тіпті мінекей, аққулар да қонып, әсем көрік беріп тұр.

Бауыржан Мағзенов, шаруа: 
- Судың жағдайы жақсы. Су келіп жатыр. Жылдағыдай емес, биыл су мол. Шабындық та, жайылыс та жақсы.

Өзен-көлдерді толтыруға алдымен көктемгі тасқын оң ықпал еткен. Ал мамыр айынан бастап трансшекаралық өзендер арқылы Ресейден су жіберіле бастады. Су айдау шығындарын өтеу үшін көрші елге республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге аударылған. Мамандар енді жиналған тіршілік нәрін Қамыс-Самар өлкесіне бағыттауға кірісіп жатыр. «Өйткені ғалымдар ақбөкендердің бұрынғы ареалын оңалтудың тиімді тәсілі осы»,- дейді.

Табылғали Сапаров, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты: 
- Сол жерге су шығарсақ, ертең киік бұрынғы өзінің тарихи мекендеген жеріне барады. Ол жақта су болмағасын екі өзеннің бойымен, Қараөзен мен Сарыөзеннің бойымен ауылдағы малдың шығарылатын жайылысына киік келіп, жайылып, халықтың қазір наразылығы туып тұрғаны осы.

Ал жаңақалалық шаруалар бұған қарсы. Бірер жыл қуаңшылық болып, жем-шөп, судан тарыққан олар биылғы мол суды бергілері жоқ. Себебі құмның етегіндегі суаттарды толтыруды тиімсіз деп санайды.

Талғат Байкенов, шаруа қожалығының басшысы:                           
- Құм деген суды көп қажет етеді. Суды қазір беріп, анда бара қоятын нәрсе емес. Қанша миллиондаған куб су кетіп қалады құмға. И ол құмдағы суды ұстап тұру үшін артынан мол су керек.

«Оның үстіне суды Қамыс-Самар өлкесіне қарай жіберу туралы шешімнен бейхабар болдық»,-дейді жұртшылық. Тіпті аудандық комиссия мүшелері де аң-таң болып отыр.

Руслан Оразәлиев, «Жер аманаты» аудандық комиссиясының мүшесі: 
- Біздер комиссия құрдық осы су жөнінде. Неге десеңіз, біз осы су мәселесі бойынша аузы күйген халықпыз, ауданбыз. Халықпен кездесу арқылы су қай жақ бағытқа ағытылады, сол жөнінде біз осы комиссия арқылы шешу керекпіз деп ұсыныс тастадық. Ал осы қағазымыздың күші жоқ деп ойлаймын. Сонда біздің үстімізден біреу келіп ауданымыздың суын ашатын болса.

Шаруалар облыс әкімдігіне келіп, түйткілді тиімді шешуді талап етті. Ал шенеуніктер жұртшылықтың ұсынысына қарай бұл жоба қайта сараланатынын жеткізді.

Ержан Балтаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары: 
- Сіздер қойған сұрақтардың барлығының расчеттерін дайындап, қандай болады, қалай болады, сосын болашақта екі-үш жылдың прогноздарын алып, сосын біз сіздердің комиссияларыңыз бар, аудан әкімі бар, сол жерге барып, сіздермен, халықпен кездесіп, осы мәселені түсіндіріп, талқылап, сол жерде ортақ шешімге келейік.

Транскшекаралық өзендер арқылы келіп жатқан су қараша айына дейін ағады. Өңірде енді малды да, киікті де шөлдетпеудің ортақ тәсілін табу міндеті тұр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов