Хабар телеарнасы

Елордадағы велопарк қашан жаңарады?

Астанадағы қоғамдық орындарда жалға берілетін велосипедтердің дені бұзылған. Тұтынушылар осылай деп біздің редакциямызға шағым қалдырған еді. Бұзылатындай-ақ жөні бар. Себебі, олардың жаңартылмағанына 10 жылға жуықтапты. Станциялар да жеткіліксіз. Велопарк қашан жаңарады?

Азамат Тәжікбаевтің бұл велосипедтерге деген қызығушылығы 1 жыл бұрын пайда болған. Өйткені такси қызметі қымбат. Ал қоғамдық көліктерді ұзақ күту қажет. Кептелістер тағы бар. «Ал велосипед - жазғы маусымда таптырмас көлік»,- дейді. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Алайда бұл қоғамдық велосипедтерді мінудің көптеген кедергілері бар екен.

Азамат Тәжікбаев, қала тұрғыны: 
- Қойған кезде ошибка көрсетеді. Приходится несколько раз қоюға. Біреу ручкасын жұлып алғандар тұр. Кілей болып қалған. Желі жоқ болып тұрғандар тұр.

Мұндай велосипедтерді көбіне курьер қызметіндегі азаматтар мінеді. Олар да «станцияның саны көбейсе екен», - дейді.

Фаромарс Джуракулов, қала тұрғыны: 
- Кейде велосипед алуға бір станцияға барсаң мүлдем жоқ болады. Немесе кемінде бұзылған екі велосипед тұрады. Амал жоқ, тағы да басқа станцияға жаяу баруға тура келеді. Велосипеттерді тапсыру кезінде де солай. Үйіңе жақын жердегі станцияда велосипед қоятын орын болмай қалады. Сосын бір екі аялдама жүріп, басқа станцияға тапсырасың.

Нұрлан Әбдікәрім, тілші: 
- 1,5 млнға жуық халқы бар елордаға 155 велотұрақ жеткіліксіз екені рас. Одан бөлек мамандар 3 мыңнан аса тұтынушы бар екенін айтады. Ал қалада не бәрі 840 осындай велосипед бар. Қазіргі таңда 200-ге жуық велосипед жарамсыз. Өйткені жабдықтарының ауысқаны болмаса бүгінгі велопарктер 2014 жылдан бері жаңармаған.

Мирас Олжатай, CTS ЖШС Орынтұрақ кеңістіктерін басқару департаментінің бас менеджері: 
- Негізі өндірушінің беретін мерзімі 5 жылға беріледі. Бір велосипедтердің бағасы бізде бар велосипедтер 1 млн-нан аса тұрады. Ал станция 1 млн 700 аса тұрады. 2020 жылы акиматқа берілген. 2020 жылы карантин болды. Карантиннен кейінгі бөлінген ақшалар бізге жетпеді.

Дегенмен алдағы жылдары велопаркты жаңарту жоспарда бар дейді. Өйткені тұтыншулардың саны күн сайын көбеюде. Ал қазіргі қолданыстағы велосипеттерді 4 мониторинг топ қадағалап отырады. Бұзылғанын жөндеуге шамамен 1 күн уақыт қажет. Сондықтан мамандар азаматтарды да қоғамдық велокөліктерді ұқыпты жүргізуге шақырады.

Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Азамат Саметов