Хабар телеарнасы

«Қазақмыс» металлургтері кәсіби мерекелерін атап өтті

«Қазақмыс» компаниясы мыс өндірісі бойынша әлемде үздік ондық құрамында. Өткен жексенбіде металлургтер қауымы өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Мәртебелі мамандық иелерінің жылдық жұмысы қорытындыланып, алда атқарылар міндеттер межеленді. Жезқазған мен Балқашта сан алуан мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

85 жылға жуық тарихы бар Балқаш мыс қорыту зауытында 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Түсті металлургияның қазанын қайнатып жүрген азаматтардың қажырлы еңбегі еленді. Мамандығына деген адалдықтың арқасында алып кәсіпорында тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім қалыптастырған ардагерлер мен еңбек озаттары құрметке бөленді. 10-ға жуық металлург «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Жәнібек Байғабелов «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры:
-Біздің алдымызда үлкен-үлкен міндеттер тұр. Әлемдік нарықтағы орнымызды сақтап қалуымыз керек. Әрине нарық болған соң онда үлкен бәсекелестік болады, баға да күннен-күнге өсіп келеді. Сондықтан мысты қайта өңдеудің өзге де заманауи әдістеріне көшуіміз маңызды.

Сағадат Әбдіғұлов, металлург:
-Біздің өндіріс өсіп-өніп, жаңадан технологияларды енгізулеріне тілектеспін.

«Қазақмыс» еліміз бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасын алғаш қолданысқа енгізген компания. Мұнда тер төгіп жүрген азаматтарға арналған түрлі әлеуметтік жобалар бар. Еңбекақыны өсіру және жәрдемақыға үстеме қосу жоспарлы түрде жүзеге асып тұрады.

Жезқазған және Балқаш қалаларында металлургтердің мерекесі биыл бір аптаға ұласты. Орталық алаңда күн сайын көңілді шаралар ұйымдастырылып, елге танымал әзілкештер мен цирк әртістері өнер көрсетті. Ал метеллургтер арасында қазақ күресінен «Қазақмыс Смэлтинг» барысы анықталды. Мерекелік шаралар әсем отшатумен түйінделді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев