Хабар телеарнасы

Алматы зообағы: аптап ыстыққа хайуанаттар қалай төтеп беріп жатыр?

Қала тұрғындары шілденің аптап ыстығында тауға шығып, бассейнге түсіп өткеріп жатыр. Көбі салқындатқыштан ұзамайды. Ал аптап ыстыққа хайуанаттар қалай төтеп беруде?

«Маймылдарға яғни, приматтар тобына жататындарға балмұздақ беріледі. Піл, керік сияқты тұяқтылар сенсорлық себізгімен салқындайды. Ал мүйізтұмсық пен мысық тұқымдас хайуанаттарға балшық ванна қарастырылған. Борсық, ақ аю мен жолбарыс бассейнге түскенді ұнатады. Зообақ қызметкерлері аңдарға қатты ыстықта қарсы тұруға осылай көмек беріп жатыр. Ал Африкадан әкелінген экзотикалық жануарлар мұндай ауа-райында өзін өте жайлы сезінеді. Келушілер хайуанаттар үшін бекер алаңдайды», — дейді мамандар.

Балабек Мақатов, хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі:
-Қыспен жаздың сәл-пәл өзгерістері болады. Жаз кезінде 10% аздау қыламыз. Қыста 10% көбірек тамақтандырамыз. Ыстықты қиын көтеретін малдардың ішінде қар барысы, ақ аю деген бар. Олардың да жағдайын жасап қойғанбыз.

Бұлар — шимпанзе жұбы. Паша мен Лола. Екеуі де тынымсыз. Осы бақтың қызметкері Шолпан Әбдібекованы жақсы танып алған. Үнемі күтіп отырады. Жаз бойы ол екеуіне балмұздақ тасиды. Паша кілегейлі балмұздақты жақсы көреді. Құлпынай мен шоколад қосылғанын жемейді. Ал Лола болса йогурт пен тәтті сусынды ұнатады.

Шолпан Әбдібекова, хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі:
-2-ден 4-тің аралығында бұлардың төбесінде жаңағы жаңбырлы душ дейміз ғой, сондай орнатылған. Екі сағатқа қана қосамыз. Себебі жас балалары, төлдері бар және бұлардың организмдер ыстық кезінде суық түсетін болса олар ауырып қалуы да мүмкін.

Мұндағы мамандар экзотикалық хайуанаттар нағыз «алматылық» болды деп қалжыңдайды. Жергілікті климатқа бейімделіп алды. Ұлттық тағамды да талғамай жейді. Тіпті қазақ тілін де жақсы түсінеді. Сондықтан жаздың аптап ыстығына шыдап, елмен бірге өткеріп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов