Хабар телеарнасы

Шымкентте заңсыз салынған 31 нысан сүріледі

Шымкентте де заңсыз құрылыс жүргізгендерге 81 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сәулеттік-жобалау талаптарын бұзып, бей-берекет салынған нысанға қатысты, 165 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілдері мәлімдеді. Мамандар шаһар тұрғындарының тарапынан да, заңсыздыққа тоқтам қою жөнінде арыз-шағым көбейгенін айтады. Өйткені тұрғын үй кешендерінің маңында, аяқ алып жүрер жер мен автокөліктердің тұрағына орын қалмаған. Сондай-ақ уәделі әлеуметтік нысандардың учаскесіне, өзге де ғимараттар салынып, қоршауға алған. Тексеріс нәтижесінде, заңсыз салынған 31 нысанды сүру туралы шешім қабылданып, сотқа жолданды.

Нұрдәулет Құрбанбекұлы, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы:
-Қазір құрылыс нысандарын бұзу бойынша 31 материал сотқа жолданған. Оның 18-не мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шыққан. Дәлірек айтқанда 8 сот орындаушы палатасына жолданған. Яғни сот орындаушылармен бірге жұмыс атқаруға. Төртеуі сот шешіміне сәйкес бұзылды. Қазіргі таңда тағы төртеуі аппеляциялық сотта қаралуда.