Хабар телеарнасы

БҚО-да 6 отбасы қоныс тойын тойлады

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылында алты отбасы қоныс тойын тойлады. Таяу күндері Аралтал, Кеңтүбек, Пугачев елді мекендерінде баспаналарын су алған тағы 10 жанұя жаңа үйге кірмек. Көктемгі тасқыннан зардап шеккендерге арналған баспаналар небәрі үш айда бой көтерді. 

Аядай ғана Ақбұлақ ауылының бірлігі мен тірлігін сынаған жыл болды биылғы көктем. Наурыздың ортасына жетпей-ақ қар күрт еріп, қырдан құлаған қызыл су ауыл шетіндегі тоғанды бұзып өтті. Шеткі көшедегі үйлерді тегіс су басты. 66 жастағы Нұрсұлу Дәулетова сол күндерді қорқынышпен еске алады.

Нұрсұлу Дәулетова Ақбұлақ ауылының тұрғыны: 
- Әкім өзі кіріп келді. Кіріп келгенде су тек есіктен кіре алмай тұр екен. Лап ете түсті де, қалқып жүре берді. Баламды көтеріп алдым, «Ойбай, мына бала аурушаң бала еді. Жерге тигізбеші, айналайын», - деп. Ол көтеріп алып кетті. Екеуміз мынадайдан кешіп өттік. Сиырларды домалатып алып кетіп жатыр, ағызып. Біздер шүлдікпіз ғой, алып кететін еді. Бір-екі минут кешіккенде, мен есікті өзім ашып шығам дегенде, кететін едім. Әлі қорқамын ойласам.

Енді міне, ол күндер көрген түстей артта қалды. Суға кеткен саман үйлердің орнына еңселі жаңа үйлер бой көтерді. Табиғат апатынан зардап шеккен 6 жанұяға жаңа баспана кілті берілді. Әр үйдің құрылысына 30 млн теңге жұмсалды.

Әлфия Сүлейменова, Ақбұлақ ауылының тұрғыны: 
-Мынадай үйге келіп жатқан соң кім қуанбайды? Атамыздың үйінде, біреуміз басқа үйде деген сияқты, жақсы болды деп айта алмаймын, жүрдік шыдап. Уақыты келіп, қуанып жатырмыз, рақмет бәріне!

Жалпы Бөрлі ауданы бойынша су тасқынынан кейін 192 тұрғыннан өтініш түскен. 154 жанұяға 76 млн теңгенің қаржылай көмегі көрсетілсе, жарамсыз деп танылған 16 тұрғын үй жаңадан салынған.

Мұхтар Нұрмақов, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары: 
-5 үй Кеңтүбек ауылдық округінде, 4 үй Пугачев ауылдык округінде және бір үй Аралтал шағын ауданында салынып жатыр. Олардың да құрылысының 95% қазіргі уақытта аяқталды. Тамыздың 10-на дейін оларды да аяқтап береміз деген жоспарларымыз бар.

Сонымен қатар Бөрлі ауданындағы жылда су басатын бірнеше ауылда бөгеттер бой көтермек. Қызылтал ауылындағы бөгеттің құрылысын аяқтауға 245 млн теңге бөлінсе, Аралталдағы судан қорғау нысанының құжаттары таяу уақытта дайын болмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э. Аюпов