Хабар телеарнасы

Семейдің ЖЭО жөндеуден өтеді

Семейдің жылу желілері 68% тозған. Салдарынан, өткен жылыту маусымында 377 апат болды. Олқылықты реттеу үшін қаланың желілерін жаңғыртуға 16,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгін тиісті қаулыға қол қойды. Үкімет резервінен бөлінген қаржыға магистралдық жылу желілері күрделі жөндеуден өтеді.

Динара Әлімова , ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:
-Бұл қаржы бірінші электр жылу орталығынан 6 шақырымға жуық жылу желілерін күрделі жөндеуге және желілік сорғы тобын ауыстыруға жұмсалады. Аталған шаралар алдағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтады.

Биылғы жылыту маусымында Риддердің жылу мәселесі де шешілуі бек мүмкін. Себебі Үкімет қаланың жылу жүйесін жөндеуге 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражаттың басым бөлігі қазандықтар мен жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталады. Отын беру галереясы мен аспирация жүйесі реттеледі.