Хабар телеарнасы

Қарағандылық бағбан жылыжайдан мол өнім алып отыр

Қарағанды облысының Шет ауданы Киікті ауылында тұратын Айдар Айқынбаевты көпке үлгі етуге болады. Ол алақандай жерге көкөніс егіп, мол табысқа кенеліп отыр. Үйінің жанындағы жылыжайдан тәулігіне 80-100 келі қияр жинайды. Еңбекқор жан енді кәсібінің көкжиегін кеңейткісі келеді. 

 

Айдар Айқынбаев ұзақ жыл шойынжолда еңбек еткен. Денсаулығы сыр берген соң ауыр жұмысты тастауға тура келеді. Тіпті қол-аяғы қимылсыз қалып, 1 жыл төсек тартып жатқан. Тәуір болған соң көптен ойында жүрген кәсібін жүзеге асыруға кіріседі. Сөйтіп мемлекеттен 700 мың теңгеге жуық қайтарымсыз қаржы алып, үйінің маңынан жылыжай салады. Қазір бұл бастамасы отбасылық бизнеске айналған.

Гүлнәр Айқынбаева, А. Айқынбаевтың жұбайы: 
- Жылыжай салу туралы ұсынысты жолдасым айтқаннан кейін біз қолдау білдіріп, көктемде осы жылыжайды салдық. Енді басында әрине, адамда күдік болады ғой. Бірақ осы біздің қолға алған ісіміз міне, әрі қарай көріп отырсыздар дамып, өз жемісін беріп жатыр. Енді біз күнделікті 80-100 келі аралығында жинап аламыз қиярды.

Жылыжайда қиярдан бөлек қарбыз бен қызанақ та өседі. Кәсіпкер өнімін маңайдағы бірнеше елді мекенге өткізіп отыр. Келешекте тағы бірнеше жылыжай салу жоспарында.

Айдар Айқынбаев, кәсіпкер: 
- Қазір қамтамасыз етіп отырмыз Ағадыр, Босаға, Мойынты, Киікті. Қызанаққа жеке жылыжай саламын ба деп отырмын 150 метрлік. Ойымда бар. Дамыту керек қой енді, осымен қалмау керек. Жан-жақты қамтамасыз ету керек.

Еңбекқор жан жылыжайдың жұмысынан қолы босағанда тері өңдеп те табыс табады. Алдымен мал терісін талқыға салып, әбден иі қанғанша илейді. Дайын болған қайысты тіліп, қамшы өреді, өзге де ат әбзелдерін жасайды. Атадан әкеге берілген асыл өнерді қазір ұлы да меңгеріп алған.

Ақан Айқынбаев, А. Айқынбаевтың ұлы:
- Бала жасынан осы теріні илеп, қамшы өріп. Үлкен әкемізден келе жатқан үрдіс. Әкем енді бізді үйретуде, қайыс илеуді.

Кәсіпкер шағын шеберханасына тігін машинасын да сатып алыпты. Ат әбзелдерін жасағанда пайдаланады екен. Болашақта бұл хоббиін де үлкен кәсіпке айналдырсам деген мақсаты бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар