Хабар телеарнасы

Алматылық 8 мыңнан астам бала мектеп автобусын пайдаланады

Алматылық 8 мыңнан астам оқушы күн сайын «мектеп автобустарымен» қатынап жүр. Білім күні қалада 100 жаңа мектеп автобусы пайдалануға берілген еді. Пилоттық жоба қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен жүзеге асып отыр. Әзірге бұл еліміздегі алғашқы жоба. 

Мектеп автобустары кішкентай және шалғайда тұратын оқушыларды тасымалдайды. Мысалы, №200 гимназияның 250 жуық оқушысы Абай саяжайынан келіп оқиды екен. Бұған дейін бірі таксимен, енді бері қоғамдық көліктермен жетіп жүрген.

Дінмұхаммед Молдаш, оқушы: 
- Бұрын ертерек шығатынмын. Өйткені жаяу келетінмін. Қазір автобус болғаны өте жеңіл болды.

Ләззат Қуанышқызы, ата-ана:
- Бізге осы №200 мектепке автобусты бергелі уақытымыз өзімізге көп қалып жатыр. Балаларды әкеліп-әкету көп уақытты алады. Автобусты күтіп тұрып қаламыз. Енді міне, қазір жағдай жасалды. Толық сеніп, балаларды мектепке жібере аламыз.

Мектеп автобустарында барлық қауіпсіздік стандарттары ескерілген. Апаттық шығу, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі қарастырылған. Жобаны «Алматыэлектротранс» компаниясы іске асыруда. Оған бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Автобус жүргізушілері де осы компанияның қызметкерлері.

Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы: 
- Алдымен бұл автобустарды енгізбес бұрын әр мектеп, әр ата-анаменен, әр баланың тұрғылықты жеріменен мына маршрут кестесі ұйымдастырылды. Әр автобуста өзінің жеке маршрут кестесі бар. Әр ата-ана біліп отырады. Сағат нешеде қай жерден балаларды жинау керек. Нешеде мектептің алдында түсіру керек.

Қазір қаладағы 30 мектептің оқушыларын осындай автобустармен тасымалдауға келісімшарт жасалған. Қажеттілік әлі де бар. Сондықтан Алматы әкімдігі келесі жылы тағы 50 мектеп автобусын қосуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов