Хабар телеарнасы

Букмекерлік кеңселердің жарнамасы шектелуі мүмкін

Себебі «ойын бизнесін реттеуді күшейту және тиісті нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату» жөніндегі заң жобасына өзгерістер енгелі жатыр. Жауапты министрлік 50-ден астам түзетуді әзірлеп, талдау жүргізуде. Бұл өзгерістер талай тағдырды ойрандаған ойын бизнесіндегілердің аяғына тұсау бола ала ма?

Нұркен, қала тұрғыны:
-Несиемнен құтыламын деп ойнадым. Ұтылдым. Қарызға кіре бастадым. Ұтылған ақша 15 жыл ойында 60-70 миллиондай. Әлі күнге дейін әке-шешем сол қарыздарымды жауып келе жатыр.

33 жастағы Нұркен бәс тігуге 18 жасынан құмартқан. Бүгінде ата-анасының сенімінен де, жарынан да айырылған.

Нұркен, қала тұрғыны:
-10 жылда алтындарымды өткізгем, кредит алғыздым. 10 жылда ол шыдап, түсініп келді. Ақырында уже қоймай бара жатқан соң бала-шағамыздың қамын ойлап, ажырасуға мәжбүр болды.

Жақындары бұл жағдайдан соң, Нұркеннің ойынқұмарлығын тыю мақсатында арнайы орталыққа жүгінді. Алайда ойынға әбден құмартқан жігіт тәуелділігі барын да аңғармаған.

Нұркен, қала тұрғыны:
-Мен айттым мен қалай ондай тәуелді адамдардың жанында жатам, мен ондай емеспін ғой деп. Әкем сол кезде ашуланып сен сияқты балам болғанша, болмай кеткені дұрыс деп машинадан түсіріп кеткен. 

Орталықта Нұркен сынды 100-ден аса жанға психологиялық көмек көрсетіледі. 5 ай бойы олар үйреншікті ортасынан алшақтап, ұялы телефоннан қол үзіп, мамандардан ұдайы кеңес алады. Жиналғандардың жағдайы да, жасы да әр алуан. Бірақ бәрін біріктіретін дүние – шарасыздық. «Өздері келуге ниетсіз, сондықтан 95% туғандары жетектейді»,—дейді мамандар.

Нұрлыбек Тұрсынбеков, клиникалық психолог:
-Матчтар өткеннен кейін, әдеттегідей 2-3 күннен кейін сол ойынқұмарлыққа байланысты қоңыраулар көбейе бастайды. Дәл бүгін бізге 13 қоңырау түсті. Егерде күнделікті 5-6 сол шамада болатын болса, бүгін 2 есе көп түсіп жатыр Туғандары хабарласады.

Орталықта ем алатындардың дені — букмерекрлік кеңсе ойыншылары. Елімізде ондай 20-дан астам компания жұмыс істейді. Жұртты бәс тігуге барынша көп тарту үшін жарнамаға миллиондаған теңге қаражат жұмсайды. Спорт жарыстарын қаржыландырып, жарнамасын жарыса салады.

Мағжан, қала тұрғыны:
-Жарнама көрген сайын ойнайтын адамның есіне түсіре береді. Ал ойнамайтын адамдарда қызығушылық пайда болады. Мемлекеттік телеканалдар, көшеде әкімшілік рұқсат бергеннен кейін бәрі заңды нәрсе деп ойлайды. Ал былай қарасаң, оны заңды есірткі деп санасақ болады.

Сондықтан депутаттар құмар ойындардың жарнамасына шүйлігіп отыр. Тек соңғы дерек бойынша, елдегі құмар ойынға құныққандардың саны 350 мыңнан асқан. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге. Сондықтан жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тиісті заң жобасына түзетулер енгізіледі.

Ғалымжан Мұстафаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:
-21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойын ойнауға және бәс тігуге жібергені үшін заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілік белгілеу. Интернет казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу. Бұл жерде спорт оқиғаларын жариялауға арнайы рұқсаты бар жерде ғана рұқсат етіледі. Жалпы алғанда осы заң жобада 55 түзету енгізілген.

Құмар ойын бизнесіндегілердің табысы жылдан жылға көбейіп келеді. Былтыр бұл саладағы көрсетілген қызмет­тердің көлемі 600 млрд теңге­ден асып жығылған. Ал оңай олжаға кенелемін деген талай жанның тағдырды тас-талқан болып жатыр. «Әр бесінші құқықбұзушылық, әр бесінші суицид — құмар ойынның салдары»,— дейді мамандар.

Авторлары: Дана Әлиева, Тоқтар Терлікбаев, Болотбек Табалдиев, Абдулхамит Булекбаев.