Хабар телеарнасы

Депутаттар теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды

Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез келді. Парламентте Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи мен Қазыбек Иса осындай мәлімдеме жасады. Олар қоғамда дін атын жамылған теріс ағымдардың әрекеттері саяси сипат алып бара жатыр деп алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атына сауал жолдады.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Себебі халықтың діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда. Мысалы, Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған. Бұл әрекеттерге біздер депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!

Депутаттың айтуынша салафиттер кейінгі уақытта қоғамның тұрақтылығын бұзуға бағытталған ашық әрекеттерге баруда. «Ескі саяси режим жат ағым жетегіндегілерді құрал ретінде пайдаланып, соңы қанды қаңтарға ұласты»,— деп атап өтті. Ал Қазыбек Иса «Ақжол» партиясы теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салу бастамасын көтерген кезде мемлекет қолдап, тек Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кедергісінен осы норма өтпей қалғанын мәлімдеді.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс!