Хабар телеарнасы

Риддердегі жылу электр орталығын жөндеу аяқталды

Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс барысымен танысты. Қазір қазандықтардың бір бөлігі іске қосылған. Одан бөлек, турбиналық цехтар, байланыс трансформаторлары ретке келтірілді. Көмір тасымалында мәселелер туындамас үшін темір жолдар қайта жаңартылады. Жалпы жөндеуге 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Өткен маусымда станциялардың барлығы дерлік апаттық жағдайда жұмыс істеген еді. Үкімет басшысы бұл мәселелер Жылу электр орталығын жаңғыртуға тиісті қаражат салмаған бұрынғы басшылардың салғырттығынан болғанын айтты. Әлихан Смайылов Риддердегі бұл мекемені қайта құруды және коммуналдық меншікке беру процесін жеделдетуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Күндіз-түні бұл жұмыстарды бақылап,уақытында бітіріп, Риддер қаласының тұрғындарын толығымен жылумен қаму мәселесін бақылауда ұстау керек. Сонымен бірге өткен иелері Риддер ТЭЦ-ке бірде-бір теңге модернизацияға салған жоқ, соның кесірінен апаттық жағдай орын алды. Сондықтан ТЭЦ-ті коммуналдық меншікке беру мәселесін тез арада шешу қажет.

Үкімет басшысы өсімдік майын өндіретін Орталық Азиядағы бірегей кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Әлихан Смайыловтың өңірге сапары барысында белгілі болған бір жаңалық, Өскеменде бірнеше жылдан бері салынып бітпеген еліміздегі жалғыз гематология орталығының құрылысына қаражат бөлінетін болды. Премьер-министр Титан Магний комбинатын да аралады. Мұнда шығарылатын өнім авиация, әскери теңіз флоты, аэроғарыш, медицина саласында қолданылады. Қазақстандық өнім АҚШ, Франция, Үндістан, Корея елдеріне экспортталады.