Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы ауруханалар қарызға батты

Коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, азық-түлік тасымалдаушылары алдындағы борышы 3 млрд 600 млн теңгеге жетті. Әсіресе Қостанай мен Рудный қаласындағы ауруханалар мен облыстық балалар ауруханасы қиын жағдайда. Күрделі операциялар негізінен осы емдеу мекемелерінде жасалады. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан берілетін төлемақы ол шығынды жаппайды. Бюджеттен бөлінетін қаржының 85% еңбекақыға кетеді. Қалған 15% дәрі-дәрмекке де жетпейді. Мамандардың айтуынша, ауруханалардың ішінде оңтайландыру жүргізуден басқа амал жоқ. 

Данияр Жандаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Кадр саясатты, дәрілік препараттарды алу келісімшарттарын оңтайландырамыз. Кредиторлық борышты азайту үшін жыл аяғына дейін осындай жұмыстар жүргізіледі. Дәрі-дәрмек, басқа да материалдарды үнемдеуге тура келеді. Алайда медициналық қызмет көрсету тарифын өзгермейінше қарыз қамытынан еш құтылмаймыз.