Хабар телеарнасы

Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Cъезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті

Ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм тағы басқа... Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Cъезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға арналған алаң. Жиналғандар адамзатты алаңдатқан мәселелердің себебін іздеп, оны реттеуге қатысты ұсыныстарын айтты.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының ХХІ отырысына қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауын жолдады. Президенттің лебізін Сенат төрағасы, хатшылықтың басшысы Мәулен Әшімбаев жеткізді. Конфессияаралық келісім орнату, өркениеттер, мәдениеттер мен халықтарды жақындастыру. Қазақстан осы идеяны ілгерілетуді бастағанына тура 20 жыл болды. Съездің хатшылық жұмысына бұл жолы 23 елден делегат келді. 

Мәулен Әшімбаев, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:
-Біздің кездесулеріміз қашанда сенім мен ашықтық принциптеріне негізделеді. Сол арқылы ең өзекті мәселелерді конструктивті түрде талқылау игі дәстүр ретінде қалыптасты. Жалпы біздің әр отырысымызда Съезд идеялары мен мақсаттарын іске асырудың бағыт-бағдары айқындалады.

Қасиетті кітаптарды өртеп, діни рәміздерді қорлау, халықтар мен діндер арасындағы араздықты қоздыру. Мұның бәрі әлемнің әр түкпірінде орын алып жатқан фактілер. Біз қақтығыстың одан әрі шиеленісуіне және кеңеюіне әкелетін әрекеттерге бармай, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз деді жиналғандар.

Джо Бэйли Уэллс, Англикан шіркеуінің арнайы өкілі:
-Әділдікке, бейбіт өмірге жету үшін не қажет? Сөзсіз татуласу деп есептеймін. Сол арқылы алға жылжуды жалғастырамыз. Қақтығыс пен қиындықтар кезінде араздыққа емес, жақсы қарым-қатынас орнатуға ұмтылайық. Оны қағаз жүзінде растау үшін тағы да жиналдық.

Қағаз деп тұрғаны бүгінгі жиын барысында қатысушылар съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын мақұлдады. Құжат ынтымақтастықты тереңдетуді, серіктестер шеңберін кеңейтіп, рухани дипломатияны дамытуды көздейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
-10 жылдық құжатты талқылап, бекітіп жатыр. Елдің ішіндегі бірлік, әлемдегі дінаралық бірлікке үлкен үлесін қосатын құжат қабылданды. Жер бетіндегі барлық адамдар бір әке, бір ананың баласындай бір-бірімізге әрқашан көмектесіп, қолдау білдіріп бірлігімізді сақтауымыз керек.

Құжатты жасау Қазақстан бастамасы болғаны мен оның мазмұны делегаттардың қатысуымен жасалды.

Мәселен, Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері жас буындарының жиынын өткізу. Сондай-ақ білім беру өзге де сала мамандарымен кездесу ұйымдастыру.

Жалпы бейбітшілік елшілері айтқан ұсыныста, атқарар жұмыс та көп. Жиын соңында осы диалог алаңының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар қатысушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары және съездің мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов