Хабар телеарнасы

Балық неге қырылды?

Маңғыстау облысында итбалық пен бекіренің қырылу себебін ғалымдар зерттеуге кірісті. Кеше Түпқараған ауданы Баутино жағажайында 59 итбалық өлексесі мен 67 бекіре балығы табылған еді. Болжам бойынша олар дауылдан соң құрлыққа шығып қалған. Мамандар аумақты зерделеп, ауадан, топырақ және судан сынамалар алды және осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Ал Түркістан облысының Сайрам ауданында «Балыққа өмір сыйла» атты республикалық форум өтті. Көлкент демалыс орталығында ұйымдастырылған шара аясында балық шаруашылығы ассоциациясын құру туралы қарар қабылданды. Қауымдастықтың мақсаты — саладағы түйіткілді мәселелерді шешуге атсалысып, балық өндірісін дамыту. Форумға қатысушылар Көлкент балық шаруашылығының жұмысымен де танысты және Састөбе көлі мен Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы балығының шабағы жіберілді. 

Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы аяқталды. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жергілікті диқандар 3,7 млн тонна астық жинаған. Биыл науқанның нағыз қызған шағында жауын-шашын болып, дала жұмыстары тоқтап қалған еді. Ауа райының қолайсыздығы өнімнің шығымы мен сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан ылғалды бидайды кептіруге қосымша 20 мың тонна дизель отыны бөлінді. 

Шымкентте алғаш рет миға күрделі операция жасалды. Түркістан облыстық клиникалық аурухана базасына Ресейдің функционалдық нейрохирургы шақыртылып, шеберлік сағатын өткізген. Паркинсон дертіне шалдыққан 57 жастағы науқас ота кезінде есін толық біліп жатқан. Ми құрылымдарын ынталандыруға соңғы технологиялық әдістер қолданылған. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операция ми жасушасына зақым келтіріп алмауға көмектеседі.