Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылысқа қатысы бар азаматтарға үкім шықты

Шымкент гарнизоны әскери сотында Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылысқа қатысы бар азаматтарға үкім шықты. Судья әскери мүлікті қасақана жойды және бүлдірді деген айыппен 2 сарбазды 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Әскери гарнизондағы сот үкімі бір сағаттан астам уақыт оқылды.  Негізінде қару-жарақ қоймасында болған жарылысқа байланысты 6 азамат айыпталған. Оның төртеуі офицер. Олардың қатарында әскери бөлім командирі мен орынбасары, қойма басшысы да бар. Жоғары шенді әскерилерге қауіпсіздік ережесін бұзды және өз ісіне салғырт қарады деген айып тағылып, іс қозғалған болатын. Алайда оларға қатысты айғақ болмағандықтан, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал 9 жылға түрмеге тоғытылған екі сарбаздың жасы 20- да. Олардың қару-жарақ қоймасына қасақана от қойғаны сот барысында дәлелін тапты. Жалпы жарылыс кезінде 24 милиард теңгеден астам шығын келген. Бұл қаржы айыпталушылардан өндіріледі. 

Бөрлібай Қайыпов, Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы:

- Қылмыстық кодекстің 46 – бабы, 5 - бөлігі, 2-тармағына сәйкес сотталушылар Тұранов және Әшірбаев қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздігі мекемесінде өтеуге жатады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Естеріңізге сала кетейік, әскери бөлімнің қоймасындағы жарылыс 2021 жылы тамызда болған еді. Апат салдарынан 90-ға тарта адам зардап шегіп, 18 өрт сөндіруші мен әскери қызметкер қаза тапқан. Сонымен қатар, апат кезінде жүздеген тұрғын үй мен 12 коммерциялық нысан және 3 мектеп бүлініп, қирады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы