Хабар телеарнасы

Банкроттық заңнамасы өзгертіледі

«Банкрот болдым, мінекей» деп, банктен алғаш қарызын өтей алмай өтініш бергендердің қатары 70 мыңнан асқан.Бірақ олардың 80% заң талаптарына сай болмаған. Сөйтіп 9 млрд теңге борышы бар, тек 6 мың 400 адам ғана банкроттық рәсімдей алған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды.

Қарызға белшесінен батып, банкроттық сұрағандардың ең көбі –Түркістан облысының тұрғындары, 9,5 мың адам. Кейінгі кезекте Алматы облысында 8 мың адам, Алматы қаласында 5 мың 600 азамат банкроттық жариялағысы келген. Ал ең аз өтініш берген – Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Десе де, елімізде 1 миллионнан астам азаматтың кредит төлеудегі қиындықтары барын ескерсек, әрине жаңа банкроттық заңнама көпті жарылқап үлгермегенін байқаймыз. Сонымен банкроттық жариялағандар тым аз, неге? Бұл сауалға Үкіметте қаржы министрі де жауап берген еді. Айтуынша, халық көп кедергілердің кесірінен банкроттық рәсімдеуге іліге алмай отыр, заңнаманы өзгерту керек. Біріншіден, соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейтіп, лицензияларынан айырылған, оның ішінде таратылған қаржы ұйымдарының міндеттемелерін қосу керек. Екіншіден, азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттардан босатқан жөн. Үшіншіден, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін, борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау мәселесі де қарастырылатын болады.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
-Қазіргі таңда бұл қайтарылған арыздарды 6 ай ішінде қайта қарауға болады. Ең көп банкрот деп танылғандардың 58% ер азаматтар, 42% әйел азаматтар. Ең жасы жоғары банкрот деп танылған азамат 79 жастағы қария. Ең жас банкрот 20 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болып келеді. Біздің бір байқағанымыз көп азаматтар өздерінің қарыз сомасын білмейді, мәселен, Атырау қаласының тұрғыны 8 млрд деп көрсеткен, нақты қарызы 1 млн 380 мың теңгені құрады.