Хабар телеарнасы

ШҚО-да газ құбыры жөнделді

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы газ құбыры жөнделіп, бүгін таңнан бастап ауылдарға көгілдір отын беріле бастады. Еске сала кетсек, кеше кешқұрым бұл аудандағы 5 ауыл газдан ажыратылған болатын. Жалпы 860-тан астам абонент көгілдір отынсыз қалды. Бұған Зайсан қаласынан 15 шақырым жерде газ құбырының тесілуі себеп болған. Оны жөндеуге 8 техника, 34 адам жұмылдырылды. Түнімен істелген жұмыс нәтижелі болып, таң ата газбен жабдықтау жүйесі қалыпқа келтірілді.